Грекияның премьер-министрі елде салықтың қысқартылатыны туралы мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Көп жылдық қаржылық дағдарыстан кейін ел тұрақтылыққа қол жеткізді, деп хабарлады Грекия үкіметінің басшысы Кириакос Мицотакис экономикалық көрменің ашылуында. Ол сондай-ақ салық жеңілдіктері туралы жариялады, деп хабарлайды DW. 

Грекияның премьер-министрі елде салықтың қысқартылатыны туралы мәлімдеді
Фото: freepik.com

Үкімет жоспарланған шараларға шамамен 1,7 млрд еуро жұмсамақ. 

Мицотакис жұмыссыздық деңгейінің 8%-ға дейін төмендеуін, инвестицияның өсуін және бюджет тапшылығының азайғанын атап өтті. 

Оның айтуынша, бұл ел «Еуропадағы ең жоғары экономикалық өсу қарқынының біріне ие». Осыған байланысты Мицотакис салық жеңілдіктері туралы жариялады: балалы отбасылар болашақта табыс салығын айтарлықтай аз төлейтін болады, ал көп жағдайда мүлде төлемейді. 20 мың еуроға дейін табыс табатын 25 жасқа дейінгі жастар табыс салығынан толығымен босатылады.

— Біз салықты азайтып, әлеуметтік шығындарды көбейтіп жатырмыз, — деді саясаткер. 

Төмен салық пен мақсатты инвестициялардың пайдасын жалға алушылар, шағын ауылдар мен арал аймақтарының тұрғындары сезінеді деп күтіліп отыр. Үкімет бұл шаралар арқылы күнкөрістің қымбаттауы, тұрғын үй нарығындағы шиеленіс және жоғары білікті жастардың кетуі сияқты мәселелерді шешкісі келеді.

2010 жылдан бері Грекия банкроттық пен еуроаймақтан шығудың алдында тұрған және дағдарысты тек халықаралық кредиторлардың қаржылық көмегінің арқасында еңсерді.

Бұған дейін Грекия аралдарындағы круиздік сапардың бағасы өскенін хабарлаған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар