Грета Тунберг қайтадан Газа секторына аттанды
АСТАНА. KAZINFORM – Швециялық экобелсенді 31 тамыз күні Испанияның Барселонасынан Газа секторына шығатын жаңа «көмек флотилиясына» қатысатынын растады, деп хабарлайды DW.
- Жалпы алғанда мұндай миссия болмауы керек, - деп мәлімдеген болатын ол AFP-ге берген сұхбатында.
- Алайда ол мемлекет пен олардың халқы таңдаған өкілдер халықаралық құқықты қорғап, әскери қылмыстар мен геноцидтің алдын алу үшін қажеттінің бәрін істеп жатқан жоқ.
Оның сөзінше, билік өкілдері өздерінің заңдық міндеттемелерін орындап отырған жоқ, осылайша олар тек палестиндіктерді ғана емес, бүкіл адамзатты сатып кетті.
Жаңа флотилияны Global Sumud Flotilla тобы ұйымдастырды, олар өздерін тәуелсіз ұйым деп санайды. «Sumud» араб тілінде табанды деген мағына береді.
Тунбергтің сөзінше, қатысушылар Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізіп, гуманитарлық дәлізді ашуды көздеп отыр. Дәліз оларға кейін гуманитарлық көмекті кеңейту үшін қажет.
- Акция Газа секторын заңсыз және адамгершілікке жат блокадаға алуға қарсы бағытталған, - деді 22 жастағы белсенді.
Ең үлкен бірлік миссиясы
Бразилиялық құқық қорғаушы Тьяго Авила Барселонада журналистерге бұның осыған дейінгілермен салыстырғанда адамдары да, кеме саны да көп, ең ірі бірлік миссиясы екенін айтты.
Акцияға қанша кеме қатысатыны белгісіз, алайда оған әлемнің өзге өңірлерінен де кемелер қосылады. Израиль осыған дейін маусым және шілде айларында осындай бастаманы екі рет тоқтатты - әскери күштер гуманитарлық жүк тиелген кемелерді, экипаждарды ұстап, кейін елден шығарып жіберді. Маусым айында швеция белсендісі Грета Тунберг те Газаға бет алған флотилияға қатысқан, бірақ оны Израиль әскери-теңіз күштері жағалаудан шамамен 185 шақырым қашықтықта тоқтатқан еді. Бұған дейін де ол бірнеше рет Палестинаны қолдау акцияларына қатысқан.
Гуманитарлық дағдарыс
22 тамызда БҰҰ Газа секторында аштық жайлағанын мәлімдеп, Израильді гуманитарлық көмек жеткізуге жүйелі түрде кедергі келтірді деп айыптады. Израиль бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Әлемнің түкпір-түкпірінде 23 айға созылған соғысты тоқтатуға шақырулар күшейіп келеді. Газа секторындағы гуманитарлық жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.
Қақтығыс 2023 жылғы 7 қазанда палестиналық ХАМАС радикалды қозғалысы мен одақтас топтардың Израильге жасаған ауқымды шабуылынан басталған. Ол кезде шамамен 1200 израильдік қаза тауып, 250-ге жуығы тұтқынға алынған. Бұған жауап ретінде Израиль Газада кең ауқымды әскери операция бастаған.
ХАМАС билігінің дерегінше, қақтығыс барысында 63 мыңнан астам адам қаза тапқан, олардың көпшілігі — бейбіт тұрғындар. Бұл деректерді тәуелсіз растау мүмкін емес, алайда БҰҰ өкілдері оларды шынайы деп санайды.
Осыған дейін Израиль Грета Тунберг және Газаға барар жолда ұсталған басқа белсенділерді депортациялайтыны туралы жаздық.