Грузин кеденшілері алматылық әріптестерінің тәжірибесімен танысты

Олар халықаралық әуежайда, өткізу пункттерін мониторингтеу өңірлік басқармасында, кинологиялық орталықта және аймақтағы ең үлкен «Алматы - кедендік ресімдеу орталығы» мен «Жетісу» кеден бекеттерінде болды. Делегация мүшелері Алматы аймағының кеден қызметі мен құрылымы, оның ішінде кедендік әкімшіліктендіру тәртібі, кедендік бақылаудың рәсімделуі, тәуекелді басқару жүйесі, кедендік өткізу пункттерінің инфрақұрылымдары және кедендік ресімдеу жайлы мағлұмат алды.
«Біз ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Мәжит Есенбаев мырзаның арнайы шақыруымен келіп, кеден қызметімен танысып жатырмыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінде Қазақстанның кеден әкімшіліктері едәуір жетілдірілген, кеден пункттерінде өтетін барлық рәсімделу жұмыстарын басқару жүйесі де автоматтандырылған. Сапар кезінде Астана мен Алматының кеден департаменттері мен бекеттерін көрдік», - дейді Грузия кеден қызметінің Халықаралық қатынастар кеден департаментінің бастығы Самсон Уридиа.
Алматы қаласының Кедендік бақылау департаменті былтыр республикалық бюджетке 194 миллиард 215 миллион теңгенің кедендік төлемдері мен салықтарын түсірген еді. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 17 пайызға немесе 28 миллиард теңгеге артық. Былтыр Алматыда қаласы арқылы Грузиядан келген импорттық өнімдер 24 миллион 168 мың долларды құрады. Ал, экспорт 1 миллион 720 мың доллар көлемінде болды.