Грузиндер «Көзімнің қарасы» мен «Дудар-айды» орта ғасырлық қамалда түсірген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әні мен қазақтың «Дудар-ай» әнін орындаған грузиндік «Geo Folk Tour» жобасының негізін қалаған Давид Дваладзе «ҚазАқпарат» тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, жобаның идеясы мен қазақтың әндері туралы ойын айтты.
None
None

- Қазақ әніне аңсарыңыз қашан ауа бастады?

- Жалпы, грузин отбасыларының барлығы дерлік музыкаға әуес келеді. Сондықтан, әртүрлі халықтың әніне деген аңсарым бала кезден бар. Грузин үшін халықтың дініне, қай құрлықта орналасқанына қарамастан, кез келген халықтың әнін орындау жат дүние емес. Сондықтан, қазақтың әнін таңдауым заңды құбылыс еді. Санкт-Петерборда оқып жүрген кезде, Қазақстаннан келген  және Ресейдегі достарыммен бірге әртүрлі мерекелік шараларға барған кезде достығымыздың белгісі ретінде қазақ, орыс және грузин халқының әндерін орындайтынбыз. Ал, дәл «Көзімнің қарасы» мен «Дудар-ай» әндерін 2013 жылдан бері орындағым келіп жүрген. Әрине, бұл идеям да жайдан жай туған жоқ. Музыкалық жобаның негізін қалаған мен әртүрлі халықтың әнін орындау арқылы Грузияға туристерді де тартуға болатынын білдім. Алайда, әртүрлі себептерге байланысты, идеям тек 2016 жылы жүзеге асты. Алдымен Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін орындап, видео түсірдік. «Көзімнің қарасы» әнін таңдаған себебім - қазақ халқы үшін Абай Құнанбайұлының өсиеті үнемі бірінші орында тұрады. Оның үстіне, грузин әншілері «Көзімнің қарасы» әнін көп дауысқа салып орындағанда, өте үйлесе кетті. «Көзімнің қарасы» әнін сәтті орындап шыққан соң, Қазақстан тұрғындары әлеуметтік желі арқылы әртүрлі әндерді ұсына бастады. Соның арасынан «Дудар-ай» әнін таңдап алдық.

 

- Қазақ әнінің ерекшелігі көп. Қазақ тіліндегі әннің дыбысын, әр сөздің айтылуын кім үйретті?

- Қазақ әндерін орындай бастағанда, қазақ тілі, қазақ әндерінің дыбысы, мысалы, «ғ», «қ» сияқты әріптер грузин тіліне ұқсайтынын байқадым. Сондықтан, бұл жағынан қинала қойған жоқпыз. Бұл - бір. Екіншіден, бізге ешкім ән үйреткен жоқ. Энтузиазмге берілген біз музыкант ретінде әнді де, қазақ тілін де өзіміз үйрене бастадық. Қазақстандағы достарым маған аудиожазбаға әннің кейбір ерекше тұстарын дұрыстап айтып, жазып жіберіп отырды.

- Жалпы, өзге халықтың әндеріне қарағанда, қазақ халқының әні жандарыңызға жақын сияқты ғой?

- Қазақ халқының әуені, әні, тілі бізге жақын болмағанда, әнді жақсы орындап шыға алмайтын ба едік, кім білсін?! Қазақ әндері, әсіресе, қазақ лирикасы бізге өте жақын екенін түсіндім. Қазақ фольклорының лирикасы рухани жағынан бізге жақын. Жалпы, грузин халқы өз әндерін көп дауысқа салып айтады. Бәлкім, қазақ лирикасы мен грузин лирикасының арасындағы айырмашылық та, ұқсастық та осы шығар.

- Репертуарларыңызда тағы қазақ әндері бар ма?

- Дәл қазір жазып шыққан, жаттап алған дайын әндер жоқ. Алайда, басқа да қазақ әндерін орындау жоспарымызда бар. Бәлкім, Алматы қаласы туралы ескі әндерді гитараның сүйемелдеуімен айтатын шығармыз.

- Жобадағы әншілердің барлығы Грузияда туған ба? Бәлкім, қазақтан тараған әншілер бар шығар?

- Жоқ, әншілердің барлығы Грузияда туған. Тбилисидің тумалары. Мен топтағы бас әншімін. Георгий Церцвадзе «Дудар-ай» әніндегі жеке дауыс иесі, оның туған бауыры Давид та солист, қалған әншілер, мысалы, Леван Швелидзе «Көзімнің қарасы» әнінде солист болды. Александр Гагошидзе, Торнике Канделаки атты тағы екі әншіміз бар. Бұл - біздің тұрақты құрам. Кейбір әндерде сүйемелдеу қажет болса, басқа музыканттар мен әншілердің көмегін сұраймыз.

 

- Қазақстандықтар сіздер орындаған ән мен клипті қатты ұнатты. Сіздер сияқты біз де қонақжай халықпыз, сіздерді Қазақстанда тойға шақырғандар болды ма?

- Қазақстанда тыңдармандарымыздың қалыптасқаны, қазақстандық көрерменнің осындай ыстық ықыласы бізді қатты қуантып отыр. Қазақ халқына көп рақмет! Қонақжай халық екендеріңізді білеміз, менің Қазақстанда достарым бар. Тіпті, олар болмаған күннің өзінде, Грузияға келген қазақ туристерге қарап, қазақ халқының  қарапайымдылығын, аузын ашса, жүрегі көрініп тұратын халық екенін байқау қиын болмас еді. Біздің видеоларымыздың астында әртүрлі пікірлер бар. Алайда, нақты шақырулар аз. Қазір Қазақстанға шақырған бір кісілер бар, сондықтан, Жаңа жылда Қазақстанға баратын шығармыз.

- Қазақ әндерін жазып, оларға клип түсірген кезде қандай да бір қиындықтар, қызықты сәттер болды ма?

- Болды, әрине. Мысалы, бірнеше күн бұрын «Дудар-ай» әніне видео түсірдік. Желтоқсан айы суық қой. Біз Тбилисидегі орта ғасырдан қалған қамалға шығып алдық. Жылыну үшін грузиннің шәйін іше бердік. Ол қамалды көруге келген туристер де көп еді, сондықтан, видео түсіруге шыққан біз туристерге арнап дастархан да жайып кеттік. Яғни, грузин халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, ән жаздық.

- Сұхбатыңызға көп рақмет! Тыңдармандарыңыз бен әндеріңіздің қатары толыға берсін! 

 

Соңғы жаңалықтар