Грузия Әзербайжан өндірген жанармайды Арменияға бір реттік транзиттеуді тегін қамтамасыз етеді
АСТАНА. KAZINFORM – Грузия экономика және тұрақты даму министрлігі Әзербайжаннан Арменияға жөнелтілетін мұнай өнімдерінің алғашқы транзиті үшін төлем алынбайтынын мәлімдеді.
Грузияның Бірінші қоғамдық телеарнасы хабарлағандай, министрлік бұл түсініктемені Әзербайжан БАҚ-ында жарияланған, тарифтік кедергілер отынның теміржол арқылы жеткізілуіне тосқауыл болып отыр деген ақпараттан кейін таратты.
— 5 желтоқсанда Грузия үкіметі Әзербайжаннан Арменияға ел аумағы арқылы бір реттік жанармай транзитін қамтамасыз ету жөнінде серіктес елдерден ресми сұрау алды. Премьер-министр Ираклий Кобахидзенің шешімімен «Грузия темір жолына» бұл жүктің тасымалын өтеусіз негізде ұйымдастыру тапсырылды. Бұл шешім барлық мүдделі құрылымдарға ресми түрде жеткізілді, — делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік Грузияның Армения және Әзербайжан үшін әрдайым стратегиялық әрі сенімді серіктес болып келгенін, сондай-ақ аймақтағы бейбітшілік пен өңірлік ынтымақтастықты тұрақты түрде қолдайтынын атап өтті.
Айта кетейік, қараша айының басында Арменияға Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстаннан алғашқы партия – жалпы салмағы 1000 тонна болатын 15 вагон бидай жеткізілген еді.