Грузия экономикасы әлемдік дағдарысқа қарамастан өсіп келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жаңартылған есебін жариялап, онда Грузияның экономикалық саясатына және соңғы жылдары қол жеткізген әсерлі нәтижелеріне жоғары баға берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Ресми құжатта атап өтілгендей, әлемдегі тұрақсыз жағдай мен өңірлік сын-қатерлерге қарамастан, Грузия экономикасы тек тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сенімді өсім траекториясына шыққан. 2021 жылдан бері ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 9%-дан асты, бұл аймақтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Экономикалық өсімді ішкі сұраныс қана емес, инвестициялардың қарқынды ағымы, сондай-ақ ақпараттық технологиялар мен көлік секторының белсенді дамуы да қамтамасыз етіп отыр.
— Грузия ерекше тұрақтылық танытып отыр. Мұндай өсім қарқыны мен тұрақтылық — сараланған әрі жан-жақты ойластырылған саясаттың жемісі, — делінген ХВҚ есебінде.
Есепке сәйкес, елдегі инфляция деңгейі қайтадан мақсатты межеге түсті, ұлттық валюта — лари нығайып келеді, ал мемлекеттік қарыз 2024 жылы ЖІӨ-нің 36%-ына дейін төмендеген. Сонымен қатар жан басына шаққандағы табыстың өсуі, жұмыссыздық пен кедейліктің азаюы ерекше аталып өткен.
Алайда Грузия экономикасында әлі де бірқатар проблема сақталып отыр. Олардың қатарында құрылымдық жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, табыс теңсіздігі, халықтың көшуі (миграция) және көлеңкелі еңбек сынды мәселелер бар.
ХВҚ сарапшылары 2025 жылы Грузия экономикасы 7,2% деңгейінде сенімді өсім көрсететінін, ал кейінгі жылдары өсім 5% шамасында тұрақталатынын болжайды. Мұндай қарқынды сақтап қалу үшін құрылымдық реформаларды жалғастыру, қаржылық резервтерді нығайту және адами капиталды дамыту қажет.
Ұйым әлеуметтік саясаттың маңыздылығына да тоқталды: бейресми жұмыспен қамтумен күрес, көші-қонды азайту, тең мүмкіндіктер мен жұмыспен қамтуды арттыру — алдағы жылдарда негізгі назар аударылатын бағыттар болуы тиіс.
Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылдың алғашқы жартысында Грузия халықаралық туризмнен 2 млрд АҚШ долларынан астам табыс тапқан. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,2%-ға артық көрсеткіш.