Грузия экономикасының өсу қарқыны 6,3 пайызға дейін баяулады
АСТАНА. KAZINFORM — Экономикалық өсім қарқынының біршама баяулауына қарамастан, Грузия биылға белгіленген болжамды траекториясын сақтап келеді. Бұл туралы Georgia Today басылымы жазды.

Алдын ала мәлімет бойынша, 2025 жылдың маусым айында Грузия экономикасы жылдық есеппен 6,3%-ға өскен. Бұл көрсеткіш сәуір және мамыр айларындағы 7,5%-дық тұрақты өсіммен салыстырғанда төмендеу болып отыр.
— Жыл басында тіркелген жоғары өсімнен кейін мұндай баяулау күтілген еді. Бірінші тоқсанда экономика 9,8%-ға, ал екінші тоқсанда 7,1%-ға артты. Жыл қорытындысы бойынша 7,5% өсімге қол жеткізу үшін екінші жартыжылдықта орташа 6,8% өсім қажет. Бұл — қалыпты баяулау, — деді Galt & Taggart инвестициялық компаниясының экономисі Лаша Кавтарадзе.
Оның айтуынша, экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштері — ішкі тұтыну белсенділігінің жоғары болуы және инвестиция көлемінің артуы. Сондай-ақ бизнесті несиелеу мен ірі мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалар да айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Биыл мұндай жобалардың жалпы көлемі ЖІӨ-нің шамамен 8%-ын құрайды.
Қосымша құн салығын (ҚҚС) төлейтін кәсіпорындардың айналымы өткен жылдың маусым айымен салыстырғанда 8,7%-ға өсіп, 14,8 млрд лариға ($5,47 млрд) жетті. Дегенмен, алдыңғы айлармен салыстырғанда өсім қарқыны сәл бәсеңдегені байқалды.
Кавтарадзенің пікірінше, маусымдағы 6,3% өсім де Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Грузия Ұлттық банкінің (ГҰБ) бұған дейін жасаған жылдық болжам шеңберіне сай келеді.
Айта кетейік, Халықаралық валюта қоры 2025 жылы Грузия экономикасы 7,2%-ға өседі деп күтсе, Ұлттық банк бұл көрсеткішті 7,4% деңгейінде болжайды.
Еске салайық, бұған дейін Халықаралық валюта қоры Грузияның экономикалық саясатына баға берген жаңартылған есебін жариялаған болатын.