Грузия электрошокер мен газ аэрозоль құралдарын алып жүруге тыйым салады
АСТАНА. KAZINFORM — Грузия парламенті «Қару туралы» заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, онда жеке және заңды тұлғалардың электрошокерді жасауы, сатып алуы, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы және сатуына толық тыйым салынады, деп хабарлайды Грузия парламенті.
Хабарланғандай, шешім 78 дауыспен қабылданды, бір дауыс қарсы болды.
Жобаға сәйкес, электрошок құрылғылары азаматтық айналымда тек заңнамамен белгіленген тәртіпке сәйкес және тек мемлекеттік органдар, жекеменшік күзет ұйымдары және заңда тікелей көрсетілген басқа да ұйымдардың пайдалануы үшін ғана рұқсат етіледі.
Түзетулер сонымен қатар газ аэрозольдік құрылғылары мен акустикалық (дыбыстық) қару түрлерін кіргізу, өндіру, жөндеу, экспорттау, қайта экспорттау, транзиттеу және сатуға міндетті лицензиялау немесе рұқсат беруді енгізеді.
Акустикалық қару мен газ аэрозольдік құрылғыларды пайдалануға тек 18 жастан асқан азаматтарға ІІМ аумақтық органының жазбаша келісімімен рұқсат етіледі.
Заң жобасын Грузия Ішкі істер министрлігі әзірлеп, үкімет енгізді. Оның мақсаты — арнайы жабдықтар айналымына бақылауды күшейту және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін жақсарту.
БАҚ-та сондай-ақ электрошокерді жасау, сақтау, алып жүру және тасымалдау 500 лари (185 доллар) айыппұлмен жазаланатыны туралы хабарланды. Қайталап бұзғандар үшін 1000 лари (370 доллар) айыппұл қарастырылған. Бұған дейін Грузия парламенті митингілер мен шерулердегі заң бұзушылықтар үшін жазаны күшейткенін жазған едік.