Грузия Қазақстанның медицина саласындағы тәжірибесін қабылдауға ниетті

АСТАНА. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Елорда төрінде өтіп жатқан 6-шы Астана экономикалық форумының бір сессиясы денсаулық сақтау мәселелеріне арналған болатын. Осы алқалы жиынға қатысқан Грузияның Еңбек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қатынастар вице-министрі Мариам Джаши еліміздің денсаулық сақтау саласында жүргізіліп отырған саясатына қатысты өз пікірін білдіріп, Қазақстанның бұл саладағы жетістіктеріне таңғалысын да жасырмады.
None
None

- М.Джаши ханым сіз Қазақстан Үкіметінің халықтың денсаулығын сақтау саласындағы жұмыстарының жетістіктері мен нәтижелерін қалай бағалар едіңіз?

- Мен Қазақстан үкіметінің әлеуметтік саясат саласындағы ауқымды күш-жігерінің нақты жеміс бергендігіне таң қалысымды жасыра алар емеспін. Қазақстан түрлі әлеуметтік салада, атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, еңбек қатынастары салаларында инвестиция көлемін арттыру арқылы өз халқы үшін үлкен жағдай жасап отыр. Бүгін мен Ұлттық медициналық холдинг басқаруындағы тамаша ғылыми медициналық орталықтарды аралау барысында бұған анық көз жеткіздім. Жалпы, медицина саласындағы қазақстандық тәжірибені өз елімде міндетті түрде қолдануға шынымен ниеттеніп отырмын.

- Қазақстан да, Грузия да бір кездері Кеңес одағының құрамында болғандығын ескере отырып, сіз екі елдің денсаулық сақтау саласындағы қандай да бір айырмашылықты айта аласыз ба?

- Бір күннің ішінде денсаулық сақтау жүйесінің бүкіл ауқымына баға бере қою мүмкін емес қой. Дегенмен, сіздердің денсаулық сақтау жүйелеріңіздің өз дамуында алға шығып кеткендігін бағамдау үшін маған бір күн жеткілікті болды. Мемлекет іс жүзінде халыққа медициналық қызмет көрсету шығындарын толығымен жабатындығы туралы деректің өзі саладағы жоғары нәтижені көрсетеді. Жаңа медициналық технологияларды дамыту саласындағы жетістіктеріңіз үшін қошемет білдіргім келеді.

- Жалпы, бәрінен бұрын қандай жайт сізге ерекше әсер қалдырды?

- Медициналық қызмет көрсетудің сапасын бақылау жүйесі халықаралық стандарттардан бірде-бір кем емес. Сіздердің адамдарыңыз өз жұмыстарына барынша жоғары дәрежедегі жауапкершілікпен қарап, бас көтерместен еңбектенеді екен. Әрқайсысы өз жұмысының шегін нақты біледі. Сіздердің әрбір ауқымды жобаларды қорықпай жүзеге асыруға ұмтылыстарыңыз да ешкімді бейжай қалдырмақ емес. Мен Қазақстанмен денсаулық сақтау саласында тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге үміт артамын. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе алмасу мен технологиялар трансфертінде зор мүмкіншіліктер бар деп есептеймін.

Мен Қазақстанға бұдан кейінгі де жобаларында зор жетістіктер мен жемісті нәтижелер тілеймін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар