Грузия полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Полицейлерге қарсылық көрсету, оларды қорқыту және күш қолдану қылмыстық құқық бұзушылық ретінде сараланып, бес жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Грузия полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны күшейтеді
Фото: oc-media.org

Бұл ұсынысты алдағы күндері парламентте заң шығару бастамаларын қарай бастайтын биліктегі «Грузин арманы» фракциясы алға тартты.

- Бірқатар нормалар, ең алдымен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте, атап айтқанда, меншік иесінің алдын ала келісімінсіз жабық үй-жайлар мен ғимараттарда митингілер өткізуге тыйым салуды қоса алғанда, күшейтіліп жатыр, - деді брифингте партияның жауапты хатшысы Мамука Мдинарадзе.

Бұдан басқа, депутаттың айтуынша, ұсақ бұзақылық, вандализм, тәртіп сақшыларына бағынбау және балағаттау, сот ғимараттарына кіреберістерді бөгеу және басқа да осыған ұқсас әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін айыппұл ұлғайтылып, әкімшілік қамауға алу мерзімі 60 тәулікке дейін ұзартылады.

Мдинарадзе Грузияда полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткені, оларға қарсы қоқан-лоққы және зорлық көрсеткені үшін қылмыстық жаза мерзімі ұзартылатынын қосып өтті. Мұндай әрекеттер ауыр қылмыс санатына жатқызылып, бес жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Ол әкімшілік құқықбұзушылық бойынша айыппұл көлемі де айтарлықтай өсетінін атап өтті.

Грузин оппозициясының өкілдері бұл бастамалар Тбилиси мен басқа да қалаларда екі айдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан наразылық қозғалысын түбегейлі басу мақсатын көздеп отырғанын мәлімдеді.

Желтоқсан айында Грузия астанасындағы жаппай наразылықтың оныншы күні арнайы жасақ шерушілерді суатқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданып, таратқанын жазған болатынбыз. 

Бұған дейін жаппай наразылық шерулері болып жатқан Грузияда жүрген қазақтар елдегі жағдай туралы айтқан болатын. 

Грузин оппозициясы биліктің ЕО-ға кіру жөніндегі келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтату туралы шешіміне наразылық білдірген.

Соңғы жаңалықтар