Грузия полициясы Ираннан келген есірткінің ірі партиясын тәркіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Грузияның тәртіп сақшылары ірі көлемдегі есірткіні елге өткізу әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Грузия Ішкі істер министрінің орынбасары Александр Дарахвелидзе арнайы брифингіде мәлім еткендей, Грузия-Әзербайжан шекарасындағы «Қызыл көпір» өткізу бекетінде Ираннан келе жатқан жүк көлігі ұсталып, ішінен 200 келі героин табылды.
Грузияның ішкі істер министрлігінің мәліметінше, есірткі заты балық тағамының атын жамылған сегіз қапшықта жасырылған. Көлік Әзербайжан арқылы транзитпен өтіп, оңтүстік-шығыс шекара өткелі арқылы Грузияға кірген. Жергілікті полиция қызметкерлері тексеру кезінде тыйым салынған жүкті анықтаған.
– Тәркіленген героин, алдын ала мәліметтер бойынша, қара нарық деп аталатын нарықта 50 миллион доллардан асады, - деп атап өтті Александр Дарахвелидзе.
Оқиға орнында көлік жүргізушісі, 1989 жылы туған Иран Ислам Республикасының азаматы ұсталды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта есірткіні жөнелтудің түпкілікті орнын, сондай-ақ тыйым салынған заттардың халықаралық айналымына қатысы бар барлық тұлғаны анықтау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Шілде айында Грузияда радиоактивті уранды заңсыз сатты және сатып алды деп айыпталған екі күдікті ұсталды.
Бұған дейін Грузияның есірткінің заңсыз айналымына қатысты заңдарды барынша қатайтуды жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.