Грузия Президенті: Экология экономика мен қауіпсіздікке тікелей әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM – Грузия Президенті Михаил Кавелашвили Өңірлік экологиялық саммитте қоршаған орта мәселелерінің елдер экономикасы мен қауіпсіздігіне ықпалы артып отырғанын мәлімдеді.

Михаил Кавелашвили
Фото: Ақорда

Оның айтуынша, қазіргі таңда экология тек табиғатты қорғау шеңберінде қарастырылатын мәселе емес.

— Экология бүгінде мемлекеттердің экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды факторға айналды. Климаттың өзгеруі, биоалуантүрліліктің азаюы, қоршаған ортаның ластануы мен табиғи жүйелердің әлсіреуі — өзара тығыз байланысты күрделі мәселелер, - деді ол.

Президент тұрақты даму бағыты Грузияның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

— Біз қорғалатын табиғи аумақтардың көлемін ұлғайтып келеміз. Сонымен қатар табиғи ресурстарды үнемді пайдалану және қайта өңдеуге негізделген экономиканы дамытуға ерекше мән беріп отырмыз, — деді Михаил Кавелашвили.

Сондай-ақ ол су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауылдық өңірлерді дамыту мәселесіне тоқталды.

— Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін су жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су үнемдеу мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыру — негізгі міндеттердің бірі, — деді ол.

Грузия Президенті жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесі тек ел ішінде ғана емес, өңірлік деңгейде де оң әсер беретінін жеткізді. Сөз соңында ол өңірлік ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

— Оңтүстік Кавказ өңірлерді байланыстыратын маңызды кеңістік ретінде мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді, — деді Михаил Кавелашвили.

Айта кетейік, бұған дейін Грузияда қоғамдық тамақтану орындарында пластик бөтелкелерді пайдалануға тыйым салынғаны хабарланған еді.