Грузия президенті қызметінде қалды: Импичмент бастамасы сәтсіз аяқталды
Грузия басқарушы партиясы президент Саломе Зурабишвилиге импичмент жариялау бастамасын іске асыра алмай қалды. Kazinform бұл туралы «Грузия жаңалықтарына» сілтеме жасап хабарлайды.
Импичмент жариялау үшін басқарушы партияға парламенттегі 150 дауыстың 100-ін жинау қажет болды. Алайда оларды тек 86 депутат қолдады. Бір депутат қарсы дауыс берді.
Нәтижесінде, Саломе Зурабишвили ел билігінде қала береді.
Еске салайық, Грузияның «Грузия арманы» басқарушы партиясы іс басындағы президентке импичмент жариялау бастамасын көтерген болатын. Партия Саломе Зурабишвилиді үкіметпен келіспей шетелдік сапарға аттанып, солайша контитуцияны бұзды деп айыптады. С.Зурабишвили 31 тамызда президент Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізу үшін Германияға барған. Ол Грузияны Еуроодаққа кіруге үміткер ретінде таныстыру үшін Еуропаның көшбасшыларымен бірқатар кездесу өткізген. Грузия үкіметі бұл сапарды мақұлдамады.
Кеше Грузияның Конституциялық соты ел президенті Саломе Зурабишвилиге импичмент жариялау процедурасын бастауға рұқсат беру шешімін жариялады.