Грузияда «Грузия үшін» партиясының жетекшісіне шабуыл жасалды

АСТАНА.KAZINFORM — Батуми қонақүйлерінің бірінде «Гахария — Грузия үшін» оппозициялық партиясының жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Георгий Гахарияға шабуыл жасалды.

Грузияда «Грузия үшін» партиясының жетекшісіне шабуыл жасалды
Фото: interpressnews.ge

Грузия ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға сәрсенбі күні түнде болған. Партия мүшелерінің айтуынша, шабуылға бірнеше адам қатысқан.

Салдарынан саясаткер жарақат алып, жергілікті ауруханаға жеткізілді. Дәрігердің айтуынша, Георгий Гахарияның мұрын сүйегі сынып, миы шайқалған.

Алайда медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол өз еркімен ауруханадан шығып кеткен. Оның жағдайы қазір тұрақты, деп жазады жергілікті журналистер.

Сондай-ақ Гахарияға жасалған шабуылдан бөлек, дәл осы қонақүйде үкіметтік емес сектордың өкілі Звиад Коридземен қақтығыс болғаны хабарланды.

Грузияның Ішкі істер министрлігі оқиғаға қатысты тергеу бастады. Оқиғаның мән-жайы жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Грузия парламенті ғимараты алдында 48 күннен бері бейбіт шерулер жалғасып жатыр. Қатысушылардың негізгі талабы — жаңа парламент сайлауын тағайындау және наразылық кезінде ұсталғандарды босату.

Бұған дейін Грузия ІІМ қызметкерлері Гудаури тау шаңғысы курортында мейрамхананың 12 қызметкерінің мәйітін тапқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар