Грузияда муниципалдық сайлауға қатысатын партиялардың тіркелуі аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 4 қазанға белгіленген муниципалдық сайлауға Грузияда 14 саяси партия қатысады. Бұл туралы елдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) хабарлады, деп жазады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Грузияда муниципалдық сайлауға қатысатын партиялардың тіркелуі аяқталды
Фото: 1TV.ge

Тіркеу жергілікті өзін-өзі басқару өкілдік органдары — Сакребуло (муниципалдық кеңестер), сондай-ақ өзін-өзі басқаратын қала мен қауым мэрлерін сайлауға дайындық аясында аяқталды.

Ресми мәліметке сәйкес, құжаттарын тапсырған 17 саяси партияның 14-і тіркеуден өтіп, сайлауға қатысу құқығын алды. Үш партия заңда белгіленген талаптарға сай келмегендіктен тіркеуден өтпеді.

Сайлау процесінің келесі кезеңінде партиялық тізімдер, мажоритарлық кандидаттар және мэр лауазымына үміткерлер ұсынылады. Тиісті құжаттар 4 қыркүйектен кешіктірілмей аймақтық сайлау комиссияларына тапсырылуы тиіс. Құжаттар тапсырылған соң тексеру және үміткерлерді түпкілікті тіркеу процесі басталады.

Тіркелген партиялардың тізімі (сайлау нөмірлері бойынша):

1. «Отан, тіл, дін» (№ 1)

2. «Грузия үшін консерваторлар» (№ 3)

3. «Грузин бірлігі» (№ 4)

4. «Біздің бірігкен Грузия» (№ 5)

5. «Еркін Грузия» (№ 7)

6. «Грузия патриоттарының альянсы» (№ 8)

7. «Күшті Грузия — Лело» (№ 9)

8. «Солшыл альянс» (№ 10)

9. «Грузия» (№ 11)

10. «Жасылдар партиясы» (№ 12)

11. «Халық билігі» (№ 14)

12. «Гахария — Грузия үшін» (№ 25)

13. «Гирчи» (№ 36)

14. «Грузин арманы» (№ 41)

Муниципалдық сайлау елдегі ең ауқымды саяси науқан болып саналады, бұл күні барлық аудан мен қала тұрғындары жергілікті басшыларын таңдайды.

Пропорционалды жүйе бойынша аудандық кеңестерге (Сакребуло) өту үшін партиялар кемінде 4% дауыс жинауы қажет. Мэр лауазымына үміткер сайлаушылардың жартысынан астамының қолдауына ие болуы тиіс.

Парламенттік сайлаудан айырмашылығы, мұнда нәтижелер әр аудан бойынша жеке есептеледі, сондықтан олар бір-бірінен едәуір ерекшеленуі мүмкін.

Ақпанда Грузия парламенті үш оппозициялық саяси коалициядан сайланған 49 депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. 

Айта кетелік Қазақстан Грузияға туристері жиі сапарлайтын үздік 10 елдің қатарына кірді

Соңғы жаңалықтар