Грузияда түрік әскери ұшағы апатқа ұшырады
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжаннан ұшып шыққан Түркияның C-130 әскери-көлік ұшағы Грузия аумағында апатқа ұшырады, деп хабарлайды ТАСС.
Белгілі болғандай, 11 қараша күні Түркияның C-130 ұшағы Гянджа қаласының әуежайынан ұшып шығып, Грузияның Сигнаги муниципалитеті аумағында құлаған.
Ұшақ Грузия шекарасынан өткеннен кейін бірнеше минуттан соң, шекарадан шамамен 5 шақырым жерде радарлардан жоғалып кеткен. Грузияның әуе навигациясы қызметінің мәліметінше, ұшақ апат алдында дабыл белгісін бермеген. Қазіргі уақытта апаттың себебі мен борттағы адамдар саны туралы ресми ақпарат жоқ.
NTV телеарнасының хабарлауынша, ұшақта Түркия, Грузия және Әзербайжан әскери қызметкерлері болған. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталмады.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған ұшақ апаты болған аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Грузия Ішкі істер министрлігінің дерегінше, оқиға бойынша әуе көлігін пайдалану немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, Грузия билігімен бірлесе отырып іздестіру және құтқару операциялары басталғаны хабарланды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әскери ұшақ апатына байланысты Түркия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Бұған дейін Вашингтон штатында тікұшақ апатқа ұшырап, 4 америкалық әскери қызметкер қаза тапқаны анықталды.