Грузияда жолаушылар тасымалының рекордтық өсімі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Грузия әуежайлары 5 635 975 жолаушыға қызмет көрсетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға көп, деп хабарлайды Business Media.

Грузия әуежайлары қауымдастығының мәліметі бойынша осы кезеңде елдің үш халықаралық әуежайы аптасына орта есеппен шамамен 700 рейсті орындаған. Сегіз айда барлығы 24 мыңнан астам халықаралық және ішкі рейс орындалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға көп.
Грузия Түркиямен ең белсенді әуе қатынасын қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылдың өзінде екі ел арасында 1,2 млн-нан астам жолаушы жүріп өткен, бұл көрші мемлекеттермен жалпы жолаушы тасымалының 47 пайызын құрайды.
2 қазанда түріктің AJet бюджеттік әуе компаниясы Анкара-Тбилиси-Анкара бағыты бойынша алғашқы тікелей рейсін ашты. Тасымалдаушы аптасына төрт рейс орындауды жоспарлап отыр.
Қауымдастықтың мәлімдеуінше, жолаушылар ағынының ұлғаюы және бағыт желісінің кеңеюі елдің көлік қолжетімділігін және халықаралық байланыстарды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Грузияның авиация саласының тұрақты дамуын көрсетіп отыр.
2025 жылдың екінші тоқсанында Грузияға 1,8 миллион шетелдік азамат келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға жоғары болды.
Сонымен бірге, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап Грузияда шетел азаматтарының елде болу мерзімін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін және көші-қон үдерістерін қатаң бақылауды көздейтін жаңартылған ережелер күшіне енеді.