Грузиядағы қазақстандықтардың шағымына қатысты іс шешімін тапты — СІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Грузия шекарасында ҚР азаматтарына дөрекі қарым-қатынас жасау дерегіне қатысты мәселе шешімін тапты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

СІМ
Фото: Pixabay

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қазақстандықтар Грузияның кеден қызметкерлері мен кейбір жергілікті тұрғындардың дөрекі қарым-қатынас көрсеткенін айтып, наразылық білдірген болатын. Қазақстан-Грузия экономикалық одағы да бұл мәселеге қатысты алаңдаушылық танытты.

Айбек Смадияровтың айтуынша, шағым түскеннен кейін ҚР СІМ жедел түрде әрекет етіп, бірден консулдық деңгейде кеңестер ұйымдастырған. Келіссөз жүргізу үшін министрлік өкілдері бірден Грузияға аттанған. Оның айтуынша, грузин тарапы өз елінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жіті назар аударады және осыған байланысты кейбір жағдайларға қатысты талап қатаң.

— Мүмкін, осы талаптарға біздің туристер де іліккен болар. Бірақ енді олар (грузин тарапы – ред.) шекара және кеден қызметі өкілдерімен әңгімелесіп, тиісті нұсқау беруге уәде етті. Осылайша біз грузин тарапымен өзара түсіністікке қол жеткіздік. Егер тағы қандай да бір жағдай бола қалса, әрбір оқиғаны жеке қарастыратын боламыз, — деді ресми өкіл.

Айта кетейік, бұған дейін СІМ Ресей шекарасындағы жаңа талаптарға қатысты пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар