Грузиядағы президенттік сайлау: дауыс беру қалай өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Дәл қазіргі уақытта Грузиядағы президент сайлауы наразылық акцияларымен және полицияның күшейтілген қауіпсіздік шараларымен қатар өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.

Хабарланғандай, елдің полиция бөлімшелері дауыс беру өтіп жатқан парламент ғимаратының сыртында кезекшіліктің күшейтілген режиміне көшті. Осылайша, таңертеңнен бастап барлық қызмет кіреберісіне полицейлер қойылды. Руставели даңғылындағы Парламент сарайының жанындағы алаңды да кордондар күзетіп отыр.
Парламенттің өзінде сары қауіпсіздік деңгейі іске қосылған. Келушілер үшін кіру шектеулі. Тек тиісті құрылымдық бөлімшелер шақырған тұлғалар ғана кіргізіліп жатыр.
Азаттық алаңында су атқыштары кезекшілік атқарып жүр. Арнайы жасақтарды тасымалдауға арналған автобустар жақын жерде тұр.

Ереуілшілер таңертең ерте парламент алдына жинала бастады. Таң атқанда бірнеше жүздеген студент «Оян, Грузия» ұранымен Руставелиге дейін жүрді.
Адамдар ауа райының қатты суығына қарамастан әлі де жиналып жатыр. Наразылық шаралары күні бойы жалғасады деп күтіліп отыр.
Еске сала кетсек, Грузияда президенттік сайлауға арналған сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00-де (Астана уақытымген 10:00) ашылды.
Дауыс беру парламент ғимаратында сағат 14:00-ге дейін жалғасады. Жаңа мемлекет басшысын 300 адамнан тұратын сайлаушылар алқасы сайлайды.
Грузияда президент 5 жылдық мерзімге сайланады. Бұл лауазымға жалғыз үміткер – биліктегі «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» партиясының өкілі, бұрынғы футболшы, парламент депутаты Михаил Кавелашвили.
Грузияның қазіргі президенті Саломе Зурабишвили бұл қызметті 2018 жылдың 16 желтоқсанынан бері атқарып келеді. Бұған дейін ол парламент «заңсыз» болғандықтан, мандатының аяқталуына қарамастан отставкаға кетпейтінін мәлімдеген.