Гуанчжоуда маса арқылы чикунгунья безгегі тарап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының Фошань қаласының денсаулық сақтау басқармасы чикунгунья безгегі індеті туралы хабарлама жариялап, ауруға шалдыққандар саны 1 200-ге жуықтағанын мәлімдеді.

Қытайлық chinanews.com.cn ақпараттық порталының мәліметіне сүйенсек, Фошань қаласының Чанчэн, Наньхай және Шүндэ аудандарында чикунгунья безгегі індеті тіркелген. 2025 жылдың 18 шілдесіне дейін Шүндэ ауданында 1 161, Наньхай ауданында 16, ал Чанчэн ауданында 22 жағдай анықталған.
Чикунгунья безгегі – чикунгунья вирусынан туындайтын жедел жұқпалы ауру. Ол негізінен масаның шағуы арқылы таралады. Барлық жастағы адамдар індетті жұқтыруы мүмкін. Ауру белгілеріне жоғары температура, буындар мен бұлшықеттердің ауыруы және терідегі бөртпелер жатады. Чикунгунья безгегімен ауырғандардың көпшілігі жеңіл формада ауырады және шамамен бір аптада жазылады. Ауыр жағдайлар мен өлім-жітім сирек кездеседі.
Гуанчжоу билігі індет тіркелген үш ауданда «Барша тұрғынға үндеу» жариялап, оларды демалыс күндері масалардың көбею ошақтарын жоюға және ересек масаларды жоюға белсенді қатысуға шақырды.
Бұған дейін Қытайда маса арқылы таралатын қауіпті вирустың өршуі байқалғанын жазған едік.