Гүлмира Сатыбалды ісі: жәбірленушінің бауыры барлық мүлкін қалай бергенін айтты

Гүлмира Сатыбалды ісі: жәбірленушінің бауыры барлық мүлкін қалай бергенін айтты
Фото: Еламан Турысбеков / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Оған кәсіпкерді заңсыз түрмеге қамап, аса ірі көлемде ақша бопсалады деген айып тағылды.  

Сот отырысында тағы бір жәбірленуші, кәсіпкер Абай Жүнісовтің ағасы Алтай Жүнісов сөз алды.

Алтай Жүнісов 2019 жылы 14 ақпанда інісін Гүлмира Сатыбалды мен оның көмекшілері анасының үйінен күштеп алып кеткенін естіген. Сондай-ақ ол бірнеше күннен кейін Абай Жүнісовтің заңсыз ұсталғанын және компания қаржысын жымқырды деп айыпталғанын білгенін атап өтті.

«Осыдан кейін Baur Kazakhstan АҚ-ның заңгері Дінмұхамед Жұмаділда маған телефон соғып, Гүлмира Сатыбалды ағамыздың бостандыққа шыққанын қаласақ, мүлкімізді кепілге қоюды талап етіп отырғанын айтты. Бауырым екеуміз ақылдастық, өйткені бұл жерде менің мүлкім ғана емес, ағам мен анам туралы да сөз болды. Үйлер мен көліктердің құжаттары жайында әңгіме өрбіді. Біз жағдайдың ушығатынын білмегендіктен, шартпен келісу туралы шешім қабылдадық», - деді ол.

Кейін Алтай Жүнісов күйеу баласымен бірге компания кеңсесінде Гүлмира Сатыбалдымен кездесіп, мән-жайды білуге тырысты. Бірақ, оның айтуынша, ол оларды тыңдамай, Абай Жүнісовті ақша ұрлады деп айыптауды жалғастырып, барлық мүлікті қайта жазуды талап еткен.

«Жағдай соншалықты ушығады деп ойламадық. Біз онымен 20 жылдан астам уақыт араласқандықтан, ол уақыт өте ойынан бас тартады деп ойладық. Өйткені, арамызда достық және туыстық қарым-қатынас болды», - деп қосты ол.

Бірнеше күннен кейін Алтай Жүнісовке белгілі бір Казимиров (ломбард иесі – автордың ескертпесі) телефон соғып, Алматыдағы Жароков көшесінде орналасқан нотариусқа келуін сұрайды.

«Қалқаман ықшамауданындағы үйім баламның атына тіркелгендіктен, отбасым – әйелім мен ұлыммен келдім. Бұған дейін Baur Kazakhstan заңгері мұны ағамыздың бостандығы үшін жасауымыз керек екенін және бәрі шешілгенін айтқан болатын. Біз нотариусқа келгенде бәрін дайындап қойыпты. Бұрын менің үйім 100 миллион теңгеге бағаланған, бірақ несиелік келісім-шарт 50 миллионға жасалған. Бізге қол қою ғана қалды. Содан Казимиров қолма-қол 50 миллион теңге әкеліп, Baur Kazakhstan президенті Қабеновты шақырып, ақшасын берді. Мен оны қолыма ұстамадым. Процесс тез өтті. Одан ақшаны алғаны туралы қолхат жазып беруін өтіндім. Ақшаны Гүлмира Сатыбалдыға беретінін айтып, қолхат берді», - дейді Алтай Жүнісов.

Прокурордың мәжбүрлі мәміле жасалғаннан кейін құқық қорғау органдарына неге жүгінбедіңдер деген сұрағына Алтай Жүнісов бұл адамдармен туыстық байланыс болғанындықтан арызданбағанын айтты.

«Мұндай жағдай болады деп ойламадық. Гүлмира Сатыбалдыға жаулығымыз болған жоқ. Оның айтқанының бәрін орындасақ, яғни бар дүние-мүлкімізді жазып берсек, ағамызды босатып, бәрі тез бітеді деп ойладық, бірақ бәрі керісінше болды. Бізді ағамның үйіне кіргізбеді», - деді ол.

Сондай-ақ ол Гүлмира Сатыбалдының қоқан-лоққыларының ауыр болғаны сонша, ағасы өз-өзіне қол жұмсағысы келген.

Еске салайық, Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Онымен бірге оның көмекшісі әрі жүргізушісі Мәди Батыршаев та отыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram