Гүлмира Уәлиханқызы: Қазақтың құрақ құрау өнері - әлемдік асыл мұра

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақ халқының ертеден бүгінге өшпей жеткен қолөнерінің бірі құрақ құрау — астарында үлкен тәрбиесі бар өнер. Соңғы жылдары халықтың қызығушылығын оятып, күнделікті қолданысқа кеңінен ене бастады. Тіпті қолөнердің бұл түрін жеке бизнесіне айналдырғандар да бар. Солардың бірі – Гүлмира Уәлиханқызы. Осы өнердің қыр-сырын жетік меңгерген ісмер құралатын құрақтың, салынатын ою-өрнектің, таңдалып алынған түстің өзіндік мағанасы бар екенін айтады.
None
None

Гүлмира Уәлиханқызы – Павлодар облысының тумасы. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының Экономика факультетін тәмамдаған. Осы мамандық бойынша 3 бірдей қызыл дипломы бар. Аталмыш салада біраз жыл жұмыс істеді. Қызметте өсті, табысы жоғары болды. Алайда бойындағы өнері мен бала күнгі арманы біржола ұлттық өнерге бетбұруға, әлеуметтік кәсіпкерлік саланы игеруге итермеледі.

«Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» дейді ғой. Менің анам өте ісмер жан болған. Қолынан келмейтін ісі жоқ. Ол кісі әлеуметтік салаға ерекше назар аударатын. Міне осы жағынан да анама ұқсаймын. Қолымнан келгенше мұқтаж жандарға көмектескім келіп тұрады. Жұма, сенбі күндері анама ауылдың қыздары құрақ құрап, тоқыма тоқып, тігін тігуді үйренуге келетін. Солардың арасында біз де бармыз. Анамыз өзінің бес қызына да осының бәрін үйретті»,- дейді Гүлмира Уәлиханқызы.

Он саусағынан өнер тамған Гүлмираның айтуынша, қолөнердің бұл түріне аңсары кішкентай кезінде ауған.

«Мен негізі өзіме не керек екенін білетін адаммын. Алдағы уақытқа болжам жасай аламын. Жолым да болғыш. Мен 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Дүниеге бес бала әкелдім. Бір күні теледидардан ресей шеберлерінің жұмысын көрдім. Олар керемет дүниелерді тігіпті. Сосын «бұл менің де қолымнан келеді ғой» деген ой келді. Өзімді сынап көрдім. Алғашқы тіккен заттарым көңілімнен шықты»,- дейді құрақ құрау шебері.

Оның айтуынша, зердесінде зейіні бар әр адамның қай-қайсысы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады.

«Қазақтың құрақ құрау өнері - әлемдік асыл мұра. Құрақ құрау қолөнерінің тарихы өте арыдан басталады. Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасау. Оның әрқайсысының берер мағынасы да жоқ емес. Құрақ көрпенің өзіндік құпиясы бар. Ол әсіресе қолданатын орнаментке байланысты. Сондықтан оны қай жерде, қалай қолдану керектігін білу шарт. Мысалы, киімге өсімдік сипатты орнамент қолдану қажет. Құрақты геометриялық, космогониялық түрлерге жіктеуге болады. Олардың ішінде жануарлардың сыртқы пішініне, мүйізіне, тырнағына, мойнына, табанына, т.б. мүшесіне ұқсас ою-өрнектер халық арасына (зооморфтық түр) кең тараған. Қошқармүйіз бен арқармүйіз өрнектері бейнеленіп, ірі құрақтардан құрау арқылы тігілген көрпені қазақ ең сыйлы қонақтарының астына төсеген»,-дейді ол.

Гүлмира Уәлиханқызы Қазақстанның құрақ құрау шеберлерінің ассоциациясы ұйымдастыратын көрмелерге үнемі қатысады. «Ұлттық стильдегі бұйым» және «Тарихқа сапар тақырыбында құрақ құрау» номинацияларында бірнеше рет жеңімпаз атанды.

«Осы салада жүрген шеберлер аз емес. Бірақ қолдау жоқ. Кейінгі кездерде ғана жәрмеңкелер мен көрмелер өтіп жүр. Өзімнің қолөнерім: құрақ пен пэчворктарымды өзім насихаттаймын. Бір ерекшелігі, бұл өнермен айналысатындардың көп бөлігі — әжелер. Жастар жоқтың қасы. Сондықтан да облыстарға шығып қыз-келіншектерге шеберлік сабақтарын өткізіп жүрмін»,- дейді Гүлмира Уәлиханқызы.

Ұлттық қолөнерді насихаттаушы алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлік жобаны іске асырмақ. Ол тегін курстар ашуды жоспаралап отыр.

«Мата сатып алғанға демеушілер табылса, мен ақысыз құрақ құрауды үйретуге дайынмын. Тіпті жұмыс кестесін әзірлеп қойдым. Ең алдымен көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар және мүгедек баласы бар әйелдерді тегін үйретемін. Бұл әлеуметтік кәсіпкерлік жоба болады. Олар оқып үйреніп алған соң, тапсырыс алып, жұмыс істей алады»,-деп толықтырды ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, қазір ұлттық нақыштағы, қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс жоғары.

«Қазіргі уақытта бұл өнермен айналысу арқылы ешкім де байып кетпейді. Оны кесіп айта аламын. Десекте, сұраныс бар. Біз көрпеден бастап, сөмкеге дейін әзірлейміз. Бәрі сапалы, бірегей дүниелер. Егер кім де кім бұл іспен мақсатты түрде айналысқысы келсе, үлкен инвестиция құюы керек. Менің арманым Алатаудың етегінен зәулім ғимарат салып, соның ішін ұлттық дүниелерге толтыру. Онда туристерге қазақ халқының мәдениетін, қолөнерін көрсететін бірнеше шеберханасы болса деймін. Сонымен қатар, құрақ құрауды үйренем деушілерге тегін курстар болатын еді. Бұл менің әзірге ең үлкен арманым», - деп қортындылады әңгімесін шебер.

Соңғы жаңалықтар