Гүлшара Әбдіқалықова Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілдерімен кездесті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕБРР) Қазақстан бойынша директоры Хусейн Озханмен кездесті.

Басқосуда екі тараптың іскерлік байланысын одан әрі дамыту мәселесі сөз болды.

Аймақ басшысы алдымен Хусейн Озханды жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтады.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда бастамашыл өңірлердің қатарында екенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда аталған банкпен бірлескен 4 жоба жүзеге асырылды. Олар - жылу, су, электрмен қамту және автобус паркін құру жобалары. Облыс орталығын жылумен қамтамасыз ету бойынша 6,3 шақырым жылу желісі жүргізілді. Су жүйесін жаңарту бойынша қалада арнайы техника мен жылжымалы зертхана сатып алынды. Электрмен қамтамасыз ету бойынша Қызылорда қаласы және Шиелі ауданында электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станция жаңартылды. Электр қуатын тіркеудің автоматтандырылған жүйесіне қосылды. Бұл 3 жоба бойынша жауапты коммуналдық мекемелер Банк алдындағы міндеттемесін уақытылы орындап отыр. Ал, Қызылорда қаласында автобус паркін құру жобасы бойынша бірлесе атқаратын жұмыстар бар. Жоба аясында 112 автобус сатып алынды, оның ішінде, 92 көлік Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы алынды», - деді облыс әкімі.

Кездесуде өңір басшысы банк тарапынан берілген несие көлемін қайта қарап, уақытын созуды ұсынды.

Бұдан бөлек екі тараптың келісуімен Қызылорда-Жезқазған тас жолын қайта жөндеу жұмысы қолға алынады.

Алдағы уақытта 208 шақырымды құрайтын жол пайдалануға берілсе, жолаушылар мен жүк тасымалы көлемін стратегиялық бағыт бойынша ұлғайтуға септігін тигізеді.

Хусейн Озхан өз кезегінде аталған жұмыстардың уақытылы орындалуына мүдделі екенін және екі жақты серіктестіктің одан әрі дамитынына сенім білдірді.

Еске сала кетейік, Қызылордада 2025 жылға дейін жергілікті каналдарды цифрландыруға мән берілетіні айтылған болатын.



Соңғы жаңалықтар