Гүлшара Әбдіқалықова өңір жұртшылығына үндеу жолдады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова коронавирус жағдайының күрделенуіне байланысты өңір жұртшылығына үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Өңір басшысы өз үндеуінде: «қазіргі таңда елімізде коронавирус індеті өршіп тұрғанын білесіздер. Вирустың таралу деңгейі бойынша әлі «қызыл аймақтан» шыға алмай отырмыз. Соңғы 10 күнде осы індетпен ауырғандар саны 2 мыңнан асып барады. Осы жағдайды ескеріп, өңірде инфекциялық төсек-орын санын 4 есеге дейін ұлғайттық. Бүгін медициналық мекемелердің індеттің одан әрі таралуына әзірлігін пысықтау үшін модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барып, реанимацияда жатқан науқастардың жағдайымен таныстым», - деп атап өтті.


Оның айтуынша, Үкіметтің қолдауымен 200 төсектік модульді стационар осы аптадан бастап ауруларды қабылдауда. Вирус жұқтырған азаматтардың жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Науқастарға қажетті дәрі-дәрімек толық жеткілікті, мамандардың жұмыс режимі жолға қойылған.

«Десек те, бұл індетпен ауырмаудың жолы – өз қолымызда. Көпшілік адамдар жиналатын шараларды, жиын-тойларды әзірге қоя тұрған дұрыс. Біз әсіресе, балаларымызды індеттен сақтауға міндеттіміз.

Вирустың жаңа штамдары күннен күнге көбеюде. Кеше ғана АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында «Йота» жаңа штамы пайда болды. Бұл бізден індеттен сақтану шараларын қатаң ұстануымызды талап етеді. Балаларымыздың қауіпсіздігі, жақындарымыздың амандығы үшін карантин талаптарын сақтай отырып, екпе алуларыңызды сұраймын», - деді облыс әкімі өз үндеуінде.


Соңғы жаңалықтар