Гүлжазира Бекболатқызы: Бүгінгінің мұғалімі — үйретуші ғана емес, жол сілтеуші, бағдар беруші

АСТАНА.KAZINFORM - Оқырман назарына республикалық «Үздік педагог» атағының иегері Гүлжазира Бекболатқызымен сұхбатты ұсынамыз. Материалда заманауи білім берудегі озық әдістер, ұстаз миссиясы тақырыбы, цифрлық платформалар мүмкіндіктері, дәстүрлі және инновациялық білім беру тәсілдері талқыланады.

Гүлжазира Бекболатқызы
Фото: Гүлжазира Бекболатқызының жеке архивінен

– Гүлжазира Бекболатқызы, республикалық «Үздік педагог» атағының иегері болуыңызбен құттықтаймыз. Осы тұста бір сауал қойғымыз келеді, сіз үшін осы атақ қаншалықты маңызды?

– Қазақстан Республикасының «Үздік педагог» атағы – жылдар бойғы еңбектің, үздіксіз ізденістің, шәкірттерімнің жетістігі мен әріптестерімнің қолдауының нәтижесі деп білемін. Ол менің таңдаған мамандығымның дұрыстығын тағы бір мәрте дәлелдеп, өзіме деген сенімді арттырды. Сонымен қатар бұл атақ – тоқмейілсу емес, керісінше алдағы уақытта да білім сапасын арттыруға, педагогикалық идеяларымды дамытуға, жас мұғалімдерге үлгі болуға жетелейтін үлкен міндет. Мен үшін «Үздік педагог» – жеке жетістік қана емес, ұстаздық миссияма берілген жоғары баға.

Гүлжазира Бекболатқызы
Фото: Гүлжазира Бекболатқызының жеке архивінен

– 30 жылдан астам тәжірибеңіз бар екен. Осы уақыт өлшемімен алсақ, Қазақстанның білім беру жүйесі қандай өзгерістерді бастан өткерді деп санайсыз?

– Қазақстанның білім беру жүйесі бірнеше маңызды кезеңдерден өтті деп бағалаймын. Ең әуелі, 2016 жылы мазмұндық тұрғыдан үлкен өзгеріс болды: білім берудің ақпаратты жаттатуға негізделген үлгісінен оқушының функционалдық сауаттылығын, сыни ойлауын, өмірлік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жүйеге көшуі – уақыт талабына сай қадам. Жаңартылған білім мазмұны, критериалды бағалау, PISA бағытындағы тапсырмалар – оқушыны тек пәндік біліммен емес, өмірде қолдана алатын құзыреттермен қаруландыруды көздейді. Бұл өзгерістер мұғалім рөлін де өзгертті: бүгінгі ұстаз – білім беруші ғана емес, бағыттаушы, кеңесші, зерттеуші.

Сонымен қатар цифрландыру үдерісі, онлайн платформалардың енгізілуі, мұғалімнің кәсіби дамуына арналған курстар мен біліктілікті арттыру жүйесінің жаңаруы – білім сапасын арттыруға ықпал етті. Әрине, қиындықтар да болды, бірақ осы өзгерістер педагогті үздіксіз ізденіске, кәсіби өсуге итермеледі деп ойлаймын. Жалпы алғанда, бұл реформаларды мен білім беру жүйесінің заманға бейімделуі, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаһандық талаптарға жауап беру жолындағы маңызды қадамдар ретінде бағалаймын.

– Дәстүрлі және инновациялық тәсілдерді қалай қолданасыз? Бұлар бірінің орнын бірі басатын, бірін-бірі ығыстырушы тәсілдер ме, әлде екеуі интеграциялана ала ма?

– Мен үшін дәстүрлі және инновациялық тәсілдер бір-біріне қарсы емес, керісінше өзара сабақтас, бірін-бірі толықтыратын жүйе. Дәстүрлі әдістердің озық үлгілері – көркем мәтінді терең талдау, тілдік норманы меңгерту, тәрбиеге негізделген әңгіме, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыс – қашанда өз маңызын жоймайды.

Ал инновациялық тәсілдерді осы берік негіздің үстіне енгіземін. Сабақ барысында жобалық жұмыс, зерттеушілік тапсырмалар, PISA форматындағы жағдаяттық сұрақтар, Блум таксономиясына негізделген креативті тапсырмалар мен цифрлық құралдарды (онлайн платформалар, бейнематериалдар, жасанды интеллект элементтері) тиімді қолданамын. Бұл оқушының қызығушылығын арттырып, өз ойын еркін жеткізуіне, жауапкершілік алуына мүмкіндік береді.

Ең бастысы – әдісті мақсатқа бағындыру. Егер мақсат оқушының тілдік және коммуникативтік құзыретін дамыту болса, мен дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, баланың жас ерекшелігіне, сыныптың деңгейіне сай икемдеп қолданамын. Осылайша сабақ әрі мазмұнды, әрі өмірмен байланысты, әрі нәтижелі болады деп есептеймін.

– Оқушылардың оқуға ынтасын арттыру үшін қандай тәсілдер қолданасыз?

– Оқушыларды пәнді оқуға ынталандыруды мен ең алдымен оның өмірмен байланысын көрсетуден бастаймын. Қазақ тілі мен әдебиеті – тек ереже немесе мәтін талдау емес, ол баланың ойын жеткізуі, өзін тануы, қоғамда еркін қарым-қатынас жасауы үшін қажет құрал екенін үнемі сезіндіремін.

Сабақта оқушыны тыңдай білетін, пікірін құрметтейтін орта қалыптастыруға мән беремін. Жағдаяттық тапсырмалар, пікірталас, топтық жұмыс, шығармашылық жобалар арқылы әр оқушының өз мүмкіндігін көрсетуіне жол ашамын. Бұл олардың қызығушылығын оятып, «менің ойым маңызды» деген сенім қалыптастырады.

Сонымен қатар заманауи технологияларды, цифрлық ресурстарды, жасанды интеллект элементтерін тиімді пайдаланып, сабақты оқушыға жақын форматта ұйымдастырамын. Ал ұлттық құндылыққа негізделген мәтіндер мен өмірлік мысалдар пәнге деген құрмет пен ішкі мотивацияны күшейтеді.

Ең бастысы – өз пәніңді сүю. Мұғалімнің пәнге деген шынайы ықыласы мен сенімі оқушыға міндетті түрде беріледі деп ойлаймын.

– Оқушыларыңыздың жоғары нәтижелерге жетуінің сыры неде?

– Оның басты сыры – еңбекқорлық, жауапкершілік, сенім деп айтамын. Осы орайда 21 жыл бұрын ауылдағы еңбек жолымда Мырқалиев Жанболат сынды оқушымды ерекше атап өткім келеді. Ауыл мұғалімі үшін оқушысының V республикалық «Абай оқулары - 2004» байқауының «Жүйріктен жүйрік озар» номинациясы бойынша 2-орын алуы зор жетістік еді. Содан кейін өмірдің ағымымен Арқалық, Алматы, Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған гимназия, мамандандырылған мектептерде еңбек еттім. Әр баланың қабілеті мен мүмкіндігі әртүрлі екенін ескеріп, түрлі шығармашылық байқаулар мен зияткерлік сайыстар, пәндік олимпиадаларға қатыстырдым, жүлдесіз оралған емеспін. Сабақ барысында оқытудың түрлі әдіс-тәсілдері, саралап оқытуды қолданамын. Бұл оқушыға өз деңгейінде табысқа жетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мақсатты нақты қою, оқу үдерісін жоспарлы ұйымдастыру және нәтижеге бағытталған тапсырмалар беру маңызды. Зерттеушілік және жобалық жұмыстар оқушылардың ойлау дағдысын дамытып, алған білімін практикада қолдануға үйретеді. Мен үшін оқушыға сену – ең күшті мотивация. «Сенің қолыңнан келеді» деген ұстаз сөзі баланың өзіне деген сенімін арттырады. Қателесуге мүмкіндік беру, қолдау көрсету, жетістігін дер кезінде атап өту – жоғары нәтиженің тағы бір маңызды факторы. Ең бастысы, білімді тек баға үшін емес, өмір үшін алу керектігін ұғындыру. Осы ұстаным оқушыларымның тұрақты әрі жоғары жетістікке жетуіне негіз болады деп есептеймін.

Гүлжазира Бекболатқызы
Фото: Гүлжазира Бекболатқызының жеке архивінен

– Цифрлық платформалар мұғалімге оқушылармен және әріптестермен жақын болуға қалай көмектеседі?

– Цифрлық платформалар мұғалім мен оқушы, сондай-ақ мұғалімдер қауымдастығы арасындағы байланысты бұрынғыдан да жедел әрі қолжетімді етті деп ойлаймын. Сабақтан тыс уақытта да кері байланыс орнатуға, тапсырманы дер кезінде түсіндіруге, оқушының жеке сұрағына жауап беруге мүмкіндік береді. Бұл оқушыға «мұғалім әрдайым қолжетімді» деген сенім қалыптастырады.

Оқушылармен жұмыс барысында цифрлық платформалар арқылы сараланған тапсырмалар ұсыну, жеке жетістігін бақылау, портфолио жүргізу жеңілдеді. Ал интерактивті форматтағы материалдар олардың қызығушылығын арттырып, сабаққа белсенді қатысуына ықпал етеді.

Әріптестермен қарым-қатынаста цифрлық орта тәжірибе алмасуды жеделдетті: авторлық материалдармен бөлісу, бірлескен жобалар жасау, кәсіби қауымдастықтарда пікір алмасу – мұғалімнің кәсіби өсуіне тікелей әсер етеді. Ең бастысы, цифрлық платформалар мұғалімді жалғыз қалдырмайды. Ол – қолдау, байланыс және ынтымақтастық алаңы. Дұрыс әрі орынды қолданылған жағдайда, бұл құралдар педагог пен оқушыны ғана емес, бүкіл білім беру қауымдастығын жақындастырады деп есептеймін.

– Қазақ тілі мен әдебиетінің жаһандық білім беру кеңістігіндегі рөлін қалай көресіз?

– Бұл пәнді жаһандық білім беру кеңістігінде ұлттық болмысты сақтай отырып, әлемдік ой-санамен үндесетін маңызды рухани әрі зияткерлік ресурс ретінде көремін. Ана тілі – ұлттың коды, ал әдебиет – халықтың тарихи жады мен дүниетанымын танытатын әмбебап тіл. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті жаһандану үдерісінде жоғалмай, керісінше өзіндік үнін айқын көрсетуі тиіс.

Қазіргі таңда функционалдық сауаттылық, сыни ойлау, мәдениетаралық коммуникация сияқты дағдылар алдыңғы орынға шықты. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетіндегі адамгершілік, еркіндік, жауапкершілік, таңдау, рухани ізденіс тақырыптары әлемдік әдеби үдерістегі құндылықтармен толық үндеседі. Сонымен қатар цифрлық білім беру кеңістігінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, сапалы контент, мультимедиалық ресурстар, жасанды интеллектіге негізделген тілдік құралдар әзірлеу – тілді халықаралық деңгейде танытудың маңызды жолы.

Меніңше, қазақ тілі мен әдебиеті – тек ұлттық пән емес, тұлғаның дүниетанымын қалыптастыратын, оны әлемдік мәдени диалогқа қоса алатын қуатты құрал. Осы тұрғыдан алғанда, оның жаһандық білім беру кеңістігіндегі рөлі алдағы уақытта одан әрі күшейе түседі.

– Оқырман клубы оқушылардың оқу мәдениетіне қалай ықпал етеді?

– Ол оқу мәдениетін қалыптастыратын және оны тұрақты әдетке айналдыратын тиімді орта деп есептеймін. Ең алдымен, клуб кітап оқуды міндет емес, ортақ қызығушылық пен еркін пікір алмасу алаңына айналдырады. Оқушы өз ойын ашық айтып, кейіпкер әрекетіне баға беруге, мәтінмен жеке қарым-қатынас орнатуға үйренеді. Өз тәжірибемде оқушыларыммен «ОҚЫSAI» оқырмандар клубын, мүғалімдер арасында «ОҚУ ТІМЕ» жобаларын жүргіздім. Ал қазіргі жетекшілік ететін 5-сыныбымда «Отбасыммен бірге кітап оқимын» жобасын жүргізудемін. Сыныптың ата-аналарымен бірге Бодо Шефердің «Төбеттің аты Мани», Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», «Мазмұндама» баспасының «Мектепте үйретпейтін дағдылар» сериясындағы 12 кітабын, Шон Ковидің «Бақытты балақайдың 7 дағдысы» шығармаларын әртүрлі форматта талдадық. Оқушыларым кітап талдауға дағдыланды. Ата-аналарының бірге оқуы, талдауға қатысуы оларға шабыт береді. Кітап оқу барысында пікірталас, сұрақ қою, дәлелдеу, оқу мәдениеті қалыптасады. Бұл оқушының сыни ойлауын, сөйлеу дағдысын, тыңдай білу қабілетін дамытады. Сонымен қатар әртүрлі жанрдағы шығармаларды талқылау оқушының әдеби талғамын кеңейтіп, саналы оқырман болуына ықпал етеді. Маңыздысы – оқырман клубы оқушыға өзін еркін сезінетін, бағалаудан қорықпайтын орта ұсынады. Мұнда қате жауап болмайды, әр пікір құнды. Осы сенімді орта оқуға деген ішкі мотивацияны күшейтеді. Қорытындылай айтқанда, оқырман клубы оқушылардың оқу мәдениетін ғана емес, ойлау, қарым-қатынас және тұлғалық дамуын қатар жетілдіретін маңызды білім беру форматы.

Гүлжазира Бекболатқызы
Фото: Гүлжазира Бекболатқызының жеке архивінен

– Барлық жұмысты үйлестіру үшін қандай тайм-менеджмент қағидаларын қолданасыз?

– Мен оқушы кезімнен Күнделік жазатын адаммын. Сол жазбаларымнан бастап, алғашқы мұғалім болғаннан бергі де бәрі жеке архивімде сақтаулы. Күнделікті жүйелі жүргізу адамға уақытты дұрыс жоспарлауды үйретеді.

Барлық жұмысты тиімді үйлестіру үшін мен тайм-менеджменттің мынадай негізгі қағидаларын басшылыққа аламын:

  •  Мақсатты айқындау қағидасы
  •  Басымдықты дұрыс қою (Эйзенхауэр матрицасы)
  •  Уақытты блоктарға бөлу (time blocking)
  •  Күнделікті шағын жоспар қағидасы
  •  Цифрлық құралдарды саналы пайдалану
  •  Рефлексия және түзету
  •  Өз-өзіңді аялау қағидасы
Гүлжазира Бекболатқызы
Фото: Гүлжазира Бекболатқызының жеке архивінен

– Сіздің педагогикалық миссияңыз қандай? 

Менің педагогикалық миссиям - оқушыларға тек білім беру емес, оларды өз ойларын еркін білдіруге, шығармашылық шешімдер табуға және қоғамға пайдалы болуға үйрету, ізігілікке қызмет ету.

– Сіз өз кәсіби тәжірибеңізді жас мұғалімдерге қалай жеткізесіз және оларға қалай тәлімгерлік жасайсыз?

– Кәсіби тәжірибемді жас мұғалімдерге формальды кеңес ретінде емес, практикалық қолдау арқылы жеткіземін. Мен үшін тәлімгерліктің басты мақсаты – жас мұғалімнің өзіне деген сенімін арттыру және оны дайын нұсқаға тәуелді емес, дербес ойлайтын кәсіби тұлға ретінде қалыптастыру. Сондықтан әрдайым ашық диалогқа, тәжірибе алмасуға және қателесуге мүмкіндік беруге мән беремін.

Гүлжазира Бекболатқызы
Фото: Гүлжазира Бекболатқызының жеке архивінен

– Сіздің ойыңызша, қазіргі заман мұғалімінен қандай дағдылар мен қасиеттер талап етіледі?

Қазіргі заман мұғалімі ең алдымен терең кәсіби білімге ғана емес, өзгеріске бейім бола алатын икемді ойлауға ие болуы керек. Бүгінгі оқушы ақпаратты тез қабылдайды, сондықтан мұғалім ақпарат көзі емес, бағыт беруші, ойлануға жетелеуші тұлға болуы маңызды.Мұғалімнен сыни ойлау, коммуникативті дағдылар, цифрлық сауаттылық және үздіксіз өзін-өзі дамытуға дайындық талап етіледі. Сонымен қатар, эмоционалдық интеллект, сабырлылық пен эмпатия – оқушымен сенімді қарым-қатынас орнатудың басты шарттары. Ең бастысы, мұғалім өз кәсібін жай мамандық емес, қоғамға әсер ететін жауапты қызмет ретінде сезіне білуі тиіс. Осындай қасиеттер мұғалімді оқушы үшін де, қоғам үшін де беделді тұлғаға айналдырады.

– Сіздің жолыңызды қуған шәкірттеріңіз бар ма?

Бүгінде менің бірнеше шәкіртім білім беру саласында мұғалім мамандығын саналы түрде таңдап, еңбек етіп келеді. Атап айтар болсам, Қостанай облысы Амангелді ауданында еңбек ететін Атамбаев Нұрлыбек, Амантаева Айзада, Досбергенова Әсем, Мақашев Ринат, Рудныйда Италмасова Әйгерім, Арқалықта Кайбулкина Александра, Көкшетауда Касымжанова Найля сынды бірқатар оқушыларым абыройлы еңбек етіп жүр. Олар қазіргі таңда мектептерде, білім беру ұйымдарында жұмыс істеп, өз пәнін сүйіспеншілікпен оқытып жүр. Мен үшін ең үлкен нәтиже – олардың менің әдістерімді сол күйі қайталауы емес, өз жолын таба білуі. Шәкірттерім оқушыны тыңдай алатын, ойлануға үйрететін, жауапкершілік алудан қорықпайтын мұғалім болуға ұмтылады. Кейбірі педагогикалық жоғары оқу орындарында білім алып, зерттеушілік және әдістемелік бағытта дамып келеді, ал кейбірі жас мұғалім ретінде әріптестеріне қолдау көрсетіп жүр. Осындай сабақтастықтың жалғасуы – мен үшін педагогикалық еңбектің ең үлкен марапаты. Мен әрдайым шәкірттеріме «Мені қайталауға емес, менікінен де биік мақсат қоюға ұмтылыңдар» деп айтып келемін.

Соңғы жаңалықтар