Гуманитарлық жүк тиелген 190-нан астам жүк көлігі Газа секторына жетті
АСТАНА. KAZINFORM – 21 мамырда соғыс жүріп жатқан Газа секторына гуманитарлық көмек, оның ішінде ұн, балалар тағамы мен медициналық құрал-жабдықтар тиелген тағы 100 жүк көлігі жетті. Бұл туралы Израильдің COGAT үкіметтік ұйымы мәлімдеді, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.

- Барлық көмек мұқият қауіпсіздік тексерісінен кейін тапсырылды. Бұл Израиль қорғаныс армиясының лауазымды тұлғаларының ұсынысы бойынша және саяси басшылықтың директивасына сәйкес жасалды. Біз Газа секторына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырамыз, бұл көмек ХАМАС лаңкестік ұйымының қолына түспеуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз, - делінген COGAT жазбасында.
Бір күн бұрын Газа секторына осындай гуманитарлық жүк тиелген 93 жүк көлігі келгені атап өтілді.
Гуманитарлық көмек Израиль, Мысыр және Газа секторы шекараларының түйіскен жеріндегі Керем-Шалом бақылау-өткізу бекетіне келді. Мұнда гуманитарлық қызметкерлер оны кейіннен жергілікті тұрғындар арасында тарату үшін жүк көліктеріне салып жіберуі керек. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) өкілдігінің басшысы Антуан Ренар 78 жүк көлігі «өз сағатын күтіп тұрғанын» хабарлады.
- Біз жүктеріміздің тоналмайтынына көз жеткізуіміз керек, - деді ол Associated Press агенттігіне.
Бұған дейін тонау көмек жеткізуге кедергі келтірген.
Израиль Газа тұрғындарына көмек ХАМАС-тың жеткізілімдерді иемденуіне жол бермеу үшін қауіпсіз тарату аймақтары құрылғаннан кейін қайта басталатынын мәлімдеді. Алайда, бұл механизм шамамен тек 25 мамырда жұмыс істей бастайды, деп хабарлады бұған дейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Кэролайн Глик.
Бұған дейін Израиль қайтадан Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсат бергенін жазған болатынбыз.