Гутерриш: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамы реформалауды қажет етеді
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қауіпсіздік Кеңесін реформалау орынды екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Өйткені оның қазіргі құрамы бүгінгі әлемге сай келмейді, 1945 жылдың жағдайын көрсетеді, бұл өз кезегінде заңдылық пен тиімділікке қатысты проблемалар туғызады. Ол бұл туралы ұйымды реформалаудың қажеттілігіне қатысты журналистердің сұрағына жауап бергенде айтты.
— Қауіпсіздік Кеңесін реформалау — толықтай қисынды нәрсе. Оның қазіргі құрамы заманауи әлемге сәйкес келмейді. Бұл — 1945 жылдың шындығына сай келетін құрылым. Сондықтан ол тек заңдылық тұрғысынан емес, сонымен бірге тиімділік тұрғысынан да мәселе тудырып отыр, — деді Гутерриш.
Бас хатшы әсіресе адам құқықтарының жаппай бұзылуы жағдайларында вето құқығын шектеу туралы Франция мен Ұлыбританияның ұсыныстарына «ықыласпен» қарайтынын атап өтті. Ол өзін Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттілігі жөнінде тұрақты түрде айтып жүрген алғашқы Бас хатшы екенін де жеткізді.
Гутерриш реформалау мәселесінде белгілі бір ілгерілеу бар екенін айтты.
— Қазір бұл бағытта шындап жұмыс істеп жатқан комитет бар. Сонымен қатар, мысалы, тұрақты бестікке кіретін кейбір мемлекеттердің өзі Африкаға тұрақты мүшелік құқығы берілуі тиіс екенін мойындады, — деді ол.
Сонымен бірге ол Қауіпсіздік Кеңесін реформалау мен вето құқығы жөніндегі түпкілікті шешімді тек мүше мемлекеттердің қабылдай алатынын еске салды.