Гутерриш климаттық әділеттілікті таңдауға шақырды
НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының ашылуында сөйлеген кіріспе сөзінде адамзат климаттық әділеттілікті таңдауы тиіс екенін айтты, деп жазды AZƏRTAC.

— Таза энергия болашағы — енді алыс болашақ туралы уәде емес. Ол — қазіргі шындық. Ешбір үкімет, ешбір сала немесе жеке мүдде бұл процесті тоқтата алмайды. Бірақ соған қарамастан, кейбіреулер тырысып жатыр. Бұл экономикаға зиян келтіреді, жоғары бағаны сақтап қалуға ықпал етеді және тарихи мүмкіндікті құр жіберуге әкеледі. Көмірсутек отыны — ұтылыс әкелетін таңдау, — деді БҰҰ Бас хатшысы.
Оның бұл сөздері АҚШ Президенті Дональд Трамптың энергетикалық саясатына тікелей қайшы келеді, деп жазады Reuters.
Дональд Трамп жел және күн энергиясының дамуына қарсы. Бұл салалар бұрынғы президент Джо Байденнің климат пен энергетика жөніндегі бағдарламасының басты бағыттарының бірі болған.
АҚШ Президенті жаңартылатын энергия көздерін сенімсіз және қымбат деп атады. Оның айтуынша, бұл көздер дәстүрлі, сенімді энергия көздерін ығыстырып, шетелдік бақылаудағы жеткізу тізбектеріне тәуелді, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтіреді.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Нью-Йорктегі дебатында ТМД елдері басшылары арасында бірінші болып сөз сөйлейді.
Пленарлық отырысты БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының төрағасы Анналена Бербок ашады.
Jibek Joly Президенттің сөз сөйлеуін онлайн көрсетеді.