Гвардейск гарнизонында әскери қызметші жарақат алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде болған оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Сарбаз
Фото: freepik.com

Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылғы 6 қаңтарда әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші, қатардағы Т., жарақат алған. Таңғы тексеру кезінде ол казарма алдында сол қолының саусақтарын металл затпен жарақаттап алған.

— Әскери қызметші дереу госпитальға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, дәрігерлердің бақылауында, — делінген хабарламада.

Құрлық әскерлерінің мәліметінше, бұл әрекет жеке басындағы себептерге байланысты жасалған және әскери борышты өткерумен, сондай-ақ әскери бөлім командирлерінің немесе лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерімен байланысы жоқ. Әлеуметтік желіде хабарланғандай, тікелей басшының ескертуінен кейін жарақат алғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

— Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Гвардейск бөлімі тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тапсырмасымен оқиға орнына арнайы комиссия жіберілді. Оның құрамында оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары бар. Жағдай қолбасшылықтың бақылауында, — делінген хабарламада.

ҚР Құрлық әскерлері БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларын ресми тергеу аяқталғанға дейін расталмаған ақпарат таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.

Бұдан бұрын Шымкентте сарбаздың қайтыс болуына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар