Гвинея-Бисауда әскери төңкерістен кейін уақытша президент тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Бейсенбі күні, мемлекеттік төңкерістен бір күн өткен соң, Гвинея-Бисаудың әскери күштері генерал Орта Н’Тамды алдағы бір жылға елдің уақытша басшысы етіп тағайындады, деп хабарлайды BBС.
Бұған дейін қарулы күштер елді өз бақылауына алғанын мәлімдеген. Гвинея-Бисау президенті Умару Сиссоко Эмбало Jeune Afrique журналына берген сұхбатында сәрсенбі күні түске таман жеке жұмыс кабинетінде тұтқындалғанын және бұны мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті деп атағанын айтты.
Онымен бірге Қарулы күштер Бас штабының бастығы, оның орынбасары және Ішкі істер министрі де қамауға алынған.
— Мен Жоғары қолбасшылықты басқару үшін жаңа ғана ант бердім, — деді генерал Орта Н’Там армия штабы ғимаратында ант қабылдағаннан кейін.
Баспасөз мәслихатында ол өзінің тағайындалуы «демократияға қауіп төндіретін әрекеттердің алдын алу үшін» қажет болғанын мәлімдеді.
Офицерлер тобы телеарна арқылы сайлау үдерісінің тоқтатылғанын және елді келесі нұсқауларға дейін басқаратынын жариялады. Сондай-ақ әскери күштер «Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру жөніндегі Жоғары әскери қолбасшылық» құрылғанын мәлімдеп, халықты сабыр сақтауға шақырды және ел шекараларының жабылғанын хабарлады.
Бейсенбі күні Африка одағы мен ЭКОВАС бақылаушы миссияларының басшылары төңкеріс туралы хабарға байланысты «аса алаңдаушылық» білдірді. Африка одағының төрағасы Махмуд Али Юсуф Х әлеуметтік желісінде президент Эмбало мен барлық қамауға алынған лауазымды тұлғаларды «шұғыл әрі сөзсіз босатуды» талап етіп, тараптарды ұстамдылыққа шақырды.
Гвинея-Бисау — Африкадағы ең кедей мемлекеттердің бірі. 1974 жылы тәуелсіздік алғанға дейін Португалияның отары болған. Соңғы 55 жыл ішінде ел тоғыз рет әскери төңкеріс пен төңкеріс жасау әрекетін бастан өткерді. Тек президент Умару Сиссоко Эмбалоның өзін биліктен тайдыруға екі рет әрекет жасалған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Гвинея-Бисауда мемлекеттік төңкеріс болып, әскер билікті өз бақылауына алғанын жаздық.