Гвинея-Бисауда Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Гвинея-Бисау тұрғындары жексенбі күні Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумға қатысты. Дауыс беру елдегі билік әскерилердің қолына өткен әскери төңкерістен тоғыз ай өткен соң ұйымдастырылды, деп хабарлайды Euronews.

Референдум по изменениям в Конституции прошел в Гвинее-Бисау
Фото: ua.news

Елдің уақытша билігі негізгі заңға енгізілетін түзетулер пакетін әзірлеген. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, ұсынылып отырған өзгерістер билікті бөлу жүйесін жеңілдетіп, болашақта саяси дағдарыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Алайда оппозиция референдумға бойкот жариялауға шақырды. Оның өкілдері Конституцияға енгізілетін өзгерістер президенттің өкілеттігін шамадан тыс кеңейтеді деп есептейді.

– Түзетулер қоғамдық консультациялар өткізілмей әзірленді. Сонымен қатар өзгерістерге қарсы тараптың үгіт-насихат жүргізу мүмкіндігі іс жүзінде шектелді, ал ұсынылған нормалар президенттің өкілеттігін пропорционалды емес деңгейде арттырады, – деп мәлімдеді оппозиция өкілдері.

Референдум нәтижелері сейсенбіден ерте жарияланбайтыны хабарланды.

Алдағы уақытта Гвинея-Бисауда жалпыұлттық сайлау да өтуі тиіс. Ол елде азаматтық басқарудың қайта қалпына келуін білдіреді деп күтіліп отыр.

2025 жылдың күзінде Батыс Африкадағы Гвинея-Бисау әскерилері елді «толық бақылауға алғанын» мәлімдеген болатын. Сол кезде олар сайлау процесінің тоқтатылғанын да жариялады.