Ғылым комитеті грант алатын ғалымдар үшін есеп беру рәсімін жеңілдетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР БҒМ Ғылым комитеті гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру шеңберінде құжаттарды алдын ала қарастыруда жаңа регламент бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Ғылыми-зерттеу ұйымы енді құжаттарды, орындалған жұмыстар актілерін, қаржылық есептерді, келісімшарт жобаларын және басқа да материалдарды электронды пошта арқылы жібере алады.

«Бұл ғалымдарды қажетсіз жұмыстан барынша арылту үшін жасалып отыр, - дейді ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының міндетін атқарушы Еркін Садықов. - Бізге құжаттарды электронды пошта арқылы жіберудің арқасында ғалымдар комитетке өздері барып, әуре болмайды».

Қабылданған шараның пайдасы мол. Атап айтқанда, уақыт үнемделеді, сонымен қатар, ақпарат алмасу жылдамдайды, сапа жоғарылайды, цифрлық технологияларды белсенді қолданатын болады. Бұған қоса, құжаттарды электронды немесе қағаз түрінде жіберуді грант алушы өзі таңдайды.

А.Б. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Еділ Ерғожиннің айтуынша, Ғылым комитетінің құжаттарды электронды нұсқада қабылдауы өте дұрыс шешім. Мұндай шара ғалымдарды, грант алушыларды және құжат тапсыруға жауапты басқа да тұлғаларды ұзын-сонар кезектен арылтып, құжаттарға жедел түрде қажетті өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.

«Елбасы өзінің баяндамаларында мемлекеттік қызметкерлер мен ғалымдарды ІТ-салада алдыңғы қатарлы технологияларды қолдануға шақырып, ақпараттық технологиялар жетістігіне баса назар аударады. Құжаттарды электронды түрде қабылдау шенеунік пен ғалым арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Ол өз кезегінде оң фактор болып табылады. Ғалымдар өздерінің зерттеу жұмысына ынты-шынтысымен кірісіп, алаңсыз еңбектенуге мүмкіндік алады, ал бұл жобалар бойынша алынатын нәтижелердің ойдағыдай болуына септігін тигізеді. Комитет қызметкерлері үшін де бұл - жақсы фактор, себебі олар кезек күткен адамдарға алаңдамай, өздерінің тікелей қызметтік міндеттерімен айналысады», - дейді Еділ Ерғожин.

Соңғы жаңалықтар