Ғылым өңірдің дамуына қызмет етуі керек – тарихшы Ақан Оңғарұлы
Ақан Оңғарұлының айтуынша, 2023-2024 жылдарға арналған жоба төрт бағыт бойынша іске асырылады.
Біріншісі – Солтүстік Қазақстан университеті базасында археологиялық мамандарды даярлау.
«Археология – қолға күрек ұстап қазу емес, ол кешенді ғылым - археозоология, топырақтану, геология сияқты салаларды зерттеу барысында қамтиды. Сондықтан жастар жан-жақты білім алып шығады.
Бұл олардың болашақта көптеген салада жұмыс істеуіне мүмкіндік ашады, яғни, тек қана тарихшы-археолог қана емес, аясы тар еңбегі жоғары бағаланатын мамандық иесі бола алады.
Екіншісі – СҚО-дағы мәдени-тарихи ескерткіштер толық мәліметтер базасының толық электронды нұсқасын жасап шығу.
Сол бойынша жергілікті жерлерде ескерткіштерді сақтау мен қорғауға қатысты инспекциямен бірлесе жұмыс істейміз.
Нәтижесінде 2 жыл ішінде СҚО-да бар ескерткіштердің толық тізімін жасау ойымызда бар.
Яғни осы күнге дейін зерттелген ескерткіштердің архивтік құжаттарын ретке келтіру, талдау, жүйелеу.
Қорытындысы ретінде тас дәуіріндегі немесе Орта ғасырдағы Солтүстік Қазақстан облысы деген еңбектер пайда болуы тиіс.
Жұмыс барысында ұшу аппараттарын - дрон қолданамыз, бұл жергілікті жерді сканерлеуге мүмкіндік береді. Осы кешенді жұмыстың бір бағытының нәтижесінде, ескерткіштерді түгендейміз, олардың әрқайсысына паспорт, есеп картасын жасап, СҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясына тапсырамыз. Олар бұл ескерткіштердің сақталуын, бұзылмауын бақылауға алады», - дейді Ақан Оңғарұлы.
Тарихшының айтуынша, алдымен, әрине, қордағы материалдар сараланады. Олардың барлығы картаға енгізіледі, тас дәуірінен бастап орта ғасыр кезеңі қамтылмақ.
Бұл болашақта шығатын археологиялық экспедицияға бағытты таңдауға көметеседі.
Нәтижесінде мамандар қай жерде не бар екенін, қай ауданда қандай ескерткіш сақталғанын, неге басымдық беру қажеттігін алдын ала білмек.
«Біз қандай ескерткіштеріміз бар екенін білмейінше, әрі қарай жұмыс істеу мүмкін емес. Кешенді зерттеу болғандықтан ескерткіштерді жергілікті университеттегі зертханаларды іске қоса отырып, жаңа әдіспен пәнаралық зерттеулер жүргізе, басқа дәуір ескерткіштерін табу ойымызда бар. Осыларды тауып, базасын жасап, келесі кезеңге көшеміз. Қандай ескерткіштерді зерттейміз, ол Қазақстан тарихына не береді? Осындай мақсатта жұмыс істемекпіз», - дейді институт директоры.
Ал үшінші бағыт бойынша СҚО-да 4-5 археологиялық экспедиция жасақталмақ. Осы жоба аясында бағыт белгілі болды. Биыл негізінен өңірдің батыс, оңтүстік-батыс аудандары қамтылмақ, ол – Ғабит Мүсірепов атындағы аудан, Тимирязев ауданы және басқалары.
«Төртінші үлкен мәселе – біз археолог болғандықтан, СҚО-да үлкен тарихы бар, 60 жыл үзбей жұмыс істеген археологиялық экспедицияның мұрасын әрі қарай жалғастыру. Жәдігерлердің музей қорында шаң басып жатпауын, оларды жаңа заманауи әдіс негізінде басқа ғалымдарды тарта отырып, екінші дем беру.
Яғни СҚО тарихи-өлкетану музейімен жұмыс істеу, ол жерде 300 мыңнан астам қор бар. Оған біз кәсіби археологтарды тарта отыра жұмыс істейміз. Олардың ішінде бірегей жәдігерлер бар. Бұл, әрине, бір-екі жылдық жұмыс емес, бес жылда атқарылады деп жоспарлап отырмыз.
Жұмысқа әр саланың мамандары енген. Жалпы филиалдың штаты 6 адамнан тұрады. Бірақ, біздің институтта 117 қызметкер болса, оның барлығын СҚО-ның мұрасын зеттеу үшін жұмылдырамыз, керек болса аясы тар мамандықтарды да шеттен тартамыз.
Ғылым бір бөлек болмауы керек, ғылым – өңірдің дамуына жұмыс істеуі қажет. Ол деген экономикасы, туризмі, инфрақұрылымы және тағы басқалары. Қазір, мәселен жұрт бұл өңірде тек Ботай қонысын ғана біледі.
Сондықтан басқа қандай ескерткіш бар, оларды ашқан жағдайда, музейлендірген жағдайда оған турист бара ма, жоқ па? Ғылыми-негіздеу біздің жұмыс, қалған іске асыру, халыққа тарату – жергілікті атқарушы биліктің шаруасы», - дейді Ақан Оңғарұлы.
Тарихшының айтуынша, СҚО-да археологиялық мұраны зерттеуде атқаратын жұмыс өте көп.
Ғасырға жуық уақытта жиналған жәдігерлердің барлығын заманауи әдіс – геоақпараттық технологиялар, пәнаралық зерттеулер бойынша ретке келтіру қажет.