Ғылымды дамыту бағдарламасының жобасы Үкіметке 2013 жылдың маусымында ұсынылады

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың маусымында Үкіметке Ғылымды дамытудың салалық бағдарламасының жобасы ұсынылады,

Ғылымды дамыту бағдарламасының жобасы Үкіметке 2013 жылдың маусымында ұсынылады

деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің Ғылымды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ербол Сүлейменов primeminister.kz сайтына берген сұхбатында.

"Қазір біз Үкіметтің тапсырмасымен Ғылымды дамыту салалық бағдарламасын әзірлеумен айналысып жатырмыз. Аталған құжаттың жобасын қазір жасап жатырмыз және ол таяу арада Үкіметке ұсынылады... Бізге оны ағымдағы жылдың маусым айына дейін ұсынсын деген тапсырма берілді. Бағдарламамен Қазақстанда ғылыми қызметті дамыту бойынша жүйелік шаралар кешені қарастырылған», - деді комитет басшысының орынбасары.

«Біріншіден, бұл кадрлар даярлау, екіншіден, ғылыми қызметті өрістету үшін инфрақұрылымды дамыту, үшіншіден, ғылыми қызметті қаржыландыру», - деп түсіндірді ол.

Е.Сүлейменовтың айтуынша, қазіргі уақытта 325 ғылыми ұйым жұмыс істеуде, онда шамамен 20 мың маман қызмет етеді.

«Ғылымды қаржыландыруға келетін болсақ, ол ЖІӨ-нің 0,2% құрайды. Халықаралық бағалау бойынша ғылымды дамыту үшін шамамен ЖІӨ-нің 1,7% жеткілікті. Әзірге бұл көрсеткіштен қалып келеміз», - деді ведомство өкілі.

Сонымен қатар, Е.Сүлейменов атап өткендей, «абсолюттік сан бойынша ғылымды қаржыландыру артып келеді. Егер 2010-2011 жылдары ғылымға республикалық бюджеттен шамамен 20 млрд теңге бөлінсе, 2012 жылы бұл сан 50 млрд теңгені құрады».