Ғылымды экономиканың көкейкесті мұқтаждықтарына қарай бұруымыз керек - А. Сәрінжіпов

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Ғылым экономика мен инновацияның толық үндестігінде болуы керек. Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.

Ғылымды экономиканың көкейкесті мұқтаждықтарына қарай бұруымыз керек - А. Сәрінжіпов

«Ғылым саласында жобаларды бөлу және қаражатты тиімді пайдалану кезінде проблемалар баршылық. Айталық, экономика мен индустрияландыру қажеттіліктері де толық ескеріліп отырған жоқ. Жалпы, ғылым экономика мен инновацияның толық үндестігінде болуы керек. Сондықтан да, ұлттық ғылыми кеңестерге индустрия өкілдерін тарту жоспарланып отыр», - дейді Аслан Сәрінжіпов. Бұл ретте министр ғылымдағы кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың қажеттігіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта ғылым саласын гранттық қаржыландыру есебінен PhD-докторларының санын 1000 адамға жеткізу көзделеді.

Жалпы министрліктің ұсынған мәліметіне қарағанда, алдағы уақытта ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру құрылымын оңтайландыру шаралары қабылданатын болады. Атап айтқанда, ғылыми зерттеулерге жеке капитал үлесін 25 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Ал ғылыми зерттеулер көлеміндегі ғылыми-техникалық әзірленімдердің саны 40 пайызды құрайтын болады. Еске салсақ, бұл көрсеткіш 2011 жылы 26 пайызды құраған болатын.