Ғылымға негізделген демографиялық саясатты жүргізетін кез келді - Мақаш Тәтім

МАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүкілқазақстандық ІІ жалпы ұлттық халық санағы өз мәресіне жетті. Біз осыған орай, «Дербестігіміз - демографияда!» деп ұран тастап жүрген белгілі демограф-ғалым Мақаш ТӘТІМДІ әңгімеге тартқан едік.
None
None


- Мақаш Байғалиұлы! Биылғы халық санағындағы жұртшылықтың белсенділігіне көңіліңіз тола ма?

- Жалпы мұндай санақ кезінде халықтың 100 пайыз санаққа ілінуі мүмкін емес нәрсе. Мәселен 1999 жылғы І бүкілқазақстандық жалпы ұлттық халық санағына қатыспай қалғандар ресми есеп бойынша 1,3 пайыз деп айтылғанымен, менің пайымдауымша ол 3 пайызды құрады. Бұл шамамен 600-700 мың адам. Бұл жолы сарапшы ретінде айтсам, ол 4 пайызды құрауы мүмкін. Оған үйсіз-күйсіз жүрген баспанасыздардан бөлек, саяжайда, жатақханада тұратын жастар мен жанбағыстың қамымен кәсіп іздеп сыртта жүрген халықты қосуға болады. Санақ кезінде белсенділіктің өзге аймақтарға қарағанда қазағы көп оңтүстік өңірлерде төмен болуын да қалыпты жайт деуге болады. Өйткені қазақ әлі самарқау. Оның бойында тәуелсіздікке деген тоқмейілсу бар. Ал өзге ұлыс өкілдері керісінше, өзге елдің жерінде тіршілік етіп жатқандықтан, мүмкіндігінше белсенділік танытып, өз ұлтын сақтап қалу үшін отбасындағы бүкіл бала-шағасын түгел тіркеп шығады. Менің ойымша қазақтың бұл самарқаулығы ұлттық сана күшейген кезде ғана жойылады.

- Кейбір сарапшылар қазір дүниеге келетін нәрестелердің саны кеміп келе жатыр деп дабыл қағуда. Бұл қаншалықты шындыққа жақын? Жалпы, қазақ халқының 1960 жылдардың соңында тіркелген демографиялық рекорды енді қай кезде қайталануы мүмкін?

-Бала туу деңгейі төмендеген жоқ. Мысалы қазір бізде «беби-бум» жүріп жатыр, «беби» - ағылшынша бала деген сөз, яғни бала туу көбеюде. 1999-2008 жылдың арасында бізде жылдық өсім 220 мыңнан 360 мыңға дейін өсті. Бұл өсім 2015 жылға қарай шырқау шыңына жетеді. Әрине, экономикалық дағдарыстың салдарынан ол жоспарлаған деңгейден біршама төмен болуы мүмкін. Бірақ бұған қарамастан, өсім әлі бірнеше жылға дейін жалғасады. Қазақ халқы 1945-1999 жылдар аралығында демографиялық жетілуден өтті, енді 2000 жылдан бері есею кезеңі жүріп жатыр. Бұл үрдіс 2050 жылға дейін созылуы мүмкін. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде қазақ отбасында әрбір әйел дүниеге 7 бала әкелді. Демографиялық тасқын деп жүрген кезең осы. 1970 жылдардың аяғына таман ол 5 балаға дейін азайды. Демографиялық тасқында қазақ халқының саны 2-3 миллион ғана болса, одан кейінгі кезеңде ол үздіксіз өсіп отырды. Сондықтан дүниеге келіп жатқан баланың саны әзірше азаймайды. Жалпы 1960 жылдардағы демографиялық дүмпу 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне әсер етті. Қазақ отбасында бұл толқыннан кейінгі баланың ең көп дүниеге келген кезі 1988 жылы тіркелді. Қазір олардың жасы 21-де. 3-4 жылдан кейін бұл толқын тағы бір демографиялық үлкен дүмпу жасауы мүмкін. Бірақ 1960 жылдардың соңындағы рекорд енді қайтып қайталанады деп айта алмаймын.

- Қазіргі таңда қазақтың өсіміне алыс-жақын шет елдерден ата- жұртына келіп жатқан қандас баурыларымыздың да қосатын үлесі өте қомақты емес пе?

-Иә. Бұл үрдіс алдағы уақытта да сақталады. Ол 15-20, тіпті 30-40 жылға дейін созылады. Өйткені сырттағы қазақтың жалпы саны 5 миллион адамды құрайды. Сыртағы қазақтың бәрі болмаса да болашақта жартысы көшіп келеді. Бұған «Нұрлы көш» бағдарламасының ықпалы зор болғалы отыр. Қазақстанның ішкі көші-қонын реттеу, әсіресе тұруға қолайсыз алыс ауылдардың тұрғындарын жақсы жерлерге қоныстандырудың да әсері аз болмайды. Сондай-ақ шетелдегі отандастармызға да қазір елге қайтып келем десе мүмкіндік мол. Қазақтың қалаға көшуінен үркуге болмайды. Қазір қайта қалада тұратын әйелдер ауылда тұратындарға қарағанда баланы көбірек дүниеге әкелуде. Себебі ауылда қалғандар арасында кәрі құртаң мен денсаулығы нашар, күйеусіз отырып қалған кәрі қыздар аз емес. Бүгінгі таңда қалаға дене қуаты мол адамдар келуде. Осы арада кейбіреулер үрке қарағанмен, азаматтық неке туралы да айта кеткен жөн шығар. Мәселен, былтыр елімізде дүниеге келген 360 мың сәбидің 25 пайызы - 80 мыңы азаматтық некеден туды.

 - Оны еуропалық өмір сүру салтының көрінісі деуге бола ма?

 
- Солай десе де болады. Мұның бәрін вестернизация дейміз. «Вестерн» деген батыс деген сөз. Біз қазір қалайық, қаламайық, батысқа ұқсап бара жатырмыз. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жүре береді. Ал осы ғасырдың ортасында батыс елдерінің халқы азайып, қоғам шіри бастайды. Сонда мұсылман халықтары өрлеп, түркі тілдес халықтар көтеріледі.

- Қартаю кезеңінде қазақ отбасында дүниеге келген сәбилердің саны қанша адамға дейін кемуі мүмкін? Депопуляциялық қауіпті қалай бағалайсыз?

- Қартаю кезеңі 2050 жылдан 2125 жылға дейін жалғаспақ. Мәселен, қазақтың саны 2050 жылы 20 миллионды құрауы мүмкін. Біздің демографиялық күш-қуатымыз мол. Әрине, бүгіннен бастап демографиялық саясатты күшейтпесек, бүгінгі балалар болмаса да одан кейінгі немере, шөберелеріміз көп бала өсіргісі келмейді. Қазір орыстар 1-2 баламен, ал еуропалықтар 1 баламен шектеліп жүр. Мұның бәрі вестернизация. Оған біз қазір болмаса да 20-30 жылдан кейін түсіп қаламыз. Вестернизация немесе депопуляция деген түбінде құрдымға алып келеді. «Де» - деген «терістеу», ал «популяция» - «таралу», яки «таралудың тежелуі, халық өсімінің төмендеуі» деген сөз. Сондықтан бұл қауіп туралы Елбасы да Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында айтып отыр.

 - БҰҰ-ның Демография комиссиясының көрсеткіштері бойынша жасы 65-тен асқандар саны халықтың 7 пайызына жетсе, сол ел қартайған ел болып есептеледі екен. Ал еліміздегі мұндай азаматтардың саны өткен жылдың өзінде 7 пайызға жуықтап қалыпты.

- Бұл жалпы халықтың көрсеткіші. Шындығына келгенде қазақтардың арасында жасы 65-тен асқандар 5 пайызды құрайды. Әрине бұл үрдістен біз қаша алмаймыз. Мысалы қазіргі жастар бүгінгі күнмен ғана өмір сүрмей, қарттыққа осы бастан қам жасай алады. Егер бәрі құдайдың қолында деп немқұрайлық танытпай, өз денсаулығын күтіп, арақ ішіп, темекі шегу сияқты жаман әдеттерден аулақ жүрсе, 70-80 жасқа тіпті, одан да ұзақ жасауға мүмкіндігі бар.

- Қазақтың депопуляциялық шығыны есептелген бе?

- Мен «Дербестігім - демографияда» деген кітабымда біршама деректерді келтірдім. Олардың ең үлкені 1723-1728 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадағы» апат. Онда 1 миллион 100 мың адам көз жұмды. Одан кейін 1918 жылғы азамат соғысында 900 мың адам мен 1930-1933 жылдардағы ұжымдастыру мен ашаршылық кезінде 2 миллион 300 мың халық шығыны болды. Жалпы тарихқа көз жіберсек, қазақ халқының ең көп шығыны 20 ғасырда орын алған. Онда қазақ 3 миллион адамын жоғалтты.

- Салыстырмалы түрде қазір қай халықты қартайған ел деп санауға болады?

- Бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде қазір жыл сайын Ресейде орыстардың саны 1 миллион адамға, Украинада украиндар жарты миллион адамға азаюда. Ал Еуропада бұл үрдіс немістерде, француздарда, ағылшындарда ертерек басталған болатын. Өйткені онда дүниеге келгендерден қайтыс болғандардың саны басым. Азия елдері әлі мұндай қартаю кезеңіне жете қойған жоқ. Дамыған елдерден мұндай жағдай Жапонияда, Оңтүстік Кореяда басталды және Гонконг пен Сингапурда бар. Ал көршілес өзбек пен қырғызда жоқ. Олар бізге қарағанда жас. Себебі онда туу көп болғандықтан, жастардың үлес салмағы басым.

- Әлемдік тарихқа көз жүгіртсек, өркениетті елдің бәрінің болашағы өзге ұлт пен ұлысты өзіне сіңіруіне байланысты екенін аңғаруға болады. Бұл қаншалықты шындық?

- Ешбір ел ешқашан мұны дабыра жасап, хабарламайды. Бұл өмір заңдылығы. Біз де қазақ тілін білетін басқа халықтарға қазақ деп жазылуға мүмкіндік беруіміз және соған үгіттеуіміз қажет. Осыған байланысты үкіметте мемлекеттік саясат болу керек. Бұл бізде неге жоқ, деп айқайлаудың және басқалар бізді жұтып алады деп қорқудың да қажеті жоқ. Әрине, көршіңнің халқы көп және мемлекеті агрессивті болса, ол да қауіпті. Мен өзбектен қорықпаймын. Өйткені өзбек келсе, қазақтың дінін бұзбайды, тілін байытады. Менталитетін күшейтеді. Қазақстанда тұрған соң олар қазақ болмаса да, қазаққа жақындауға тырысады. Қырғыз бен қарақалпақ та қазаққа жақсы сіңісе алады. Жалпы мемлекет бір ғана жолмен жүрмей, жан-жақты даму керек. Мәселен қазір Еуропаға неге Африка, араб және Латын Америкасы елдерінен көп халықтар келіп жатыр. Өйткені онда жұмыс істейтін адам қалмай барады. Жергілікті халық көше сыпырғысы, машина жуғысы, кір-қоқысты жинағысы келмейді. Бізде де соңғы жылдары осы үрдіс қылаң бере бастады. Сондықтан мемлекет бұдан сабақ алып, экономиканың еуропалық үлгісінен әлеуметтік экономикалық даму жолына қарай ауысып, өз адамдарына жұмыс тауып беру керек.

- Үкіметтің демографиялық саясатта жасап жатқан мемлекеттік көмегін қазір жеткілікті деп айтуға бола ма?

 
- Онша жеткілікті емес. Оны Елбасы Астанада өткен Қазақстан әйелдерінің 5-ші форумында сөйлеген сөзінде де айтты. Келесі жылдан бастап енді баланы күту бойынша айлық жәрдемақы орта есеппен 20 пайызға ұлғайтылады. «Алтын алқаны» он бала емес, жеті бала тәрбиелеп отырған, ал «Күміс алқамен» алты бала тәрбиелеп отырған аналар марапатталатын болады. Бұл наградаларға ие болған көп балалы аналар 8 мың теңгеден астам мөлшерде ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақысына ие болмақ. Осы мақсатқа бюджеттен 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу жоспарлануда. Ал баланың тууына байланысты бір жолғы жәрдемақы 38 мың теңгені құрап, баланы күту жөніндегі жәрдемақы 1,6 есе өсті. Тұңғыш бала үшін қазір 6300 теңге, ал төртінші бала үшін - 8200 теңге төленеді. Бұл әрине өсімге үлкен әсер етеді. Әсіресе ауылда тұрған қазақ отбасылары үшін 8 мың теңге үлкен ақша.

- Қазір отбасын жаңа құратындар мен ажырасушылар арасындағы айырмашылық қандай?

- Кейде айтылып жүргендей, ажырасатындар көп емес. Бірақ бар. Олардың арасында егде адамдар да кездеседі. Бұл бала-шағасы ержетіп, өз алдына жеке шаңырақ көтеріп кеткен ерлі-зайыптылар арасында көбірек байқалуда. Өйткені сананы тұрмыс билегендіктен, жағдайы жақсарған соң кейбір азаматтардың ұзақ жыл отасқан жарларымен ажырасып, жаңадан шаңырақ көтеруі қазір ешкімге таң нәрсе емес. Жалпы жаңадан отбасын құрып жатқан ерлі-зайыптылардың үлесі қазір мың адамға шаққанда 5-6 адамнан келеді. Жастар арасында ажырасушылықты көп деп айта қоймас едім. Оған қазіргі нарықтық жағдайда үйлене салып, ажырасып кетуге құлықтың азаюы да себеп болып отырғандай көрінеді. Дегенмен, отбасының ұйтқысын сақтай алмаса, олар қазір болмағанмен, 10-15 жылдан кейін алдыңғы буынның қателігін қайталауы да мүмкін.

- Бұл үрдісті зерттеп, талдау жасауға бола ма? Қазір елімізде арнайы мамандар дайындау мәселесі қаншалықты дұрыс жолға қойылып отыр?

 
- Демограф ғалымдар бізде әлі аз. Аз болатыны, бұл мәселеде елімізде жан-жақты ауқымды зерттеулер жүргізілмеуде. Демографияның дамуы үшін ғылымды да дамыту қажеттігіне құзырлы мекемелер жеткілікті көңіл бөліп жатқан жоқ. Ғылымға негізделген саясатты жүргізу де бізде әлі жолға қойылмаған. Қазақстанда әзірге ешбір оқу орнында арнайы мамандар дайындалмайды. Жалпы, демография қоғамдық ғылымдардың ұйтқысы. Алайда оған тиісті дәрежеде мән берілмеуде. Бірақ оны түбі бәрі де толық мойындайтын болады.

- Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз әрдайым табысты болсын.

Соңғы жаңалықтар