Х Еуразиялық медиа форумы Астанада өтеді

Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, Х Еуразиялық медиа форумда негізінен әлемдегі басты оқиғалар мен олардың әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары айнасындағы бейнесі турасында әңгіме болмақ. «Атап айтар болсақ, Еуропа елдеріндегі мультимәдениет саясатының құлдырауы, саяси процестердің дамуындағы интернет-технологиялардың өсіп келе жатқан рөлі, қазіргі қоғамдағы БАҚ рөлі және басқа да тақырыптар қамтылады. Форумға әлемнің 40-қа жуық мемлекеттерден 450-ден астам делегаттар қатысады деп күтілуде», - дейді А. Әбибуллаев.
Еске сала кетсек, Еуразиялық медиа форум - 2001 жылы Қазақстанда құрылған халықаралық, саяси емес ұйым. Шығыс пен Батыс арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал жасау ЕМФ мақсатына жатады. Форумның Ұйымдастыру комитетінің төрайымы және жоба авторы Дариға Назарбаева жиынның негізгі мақсатын: «Шығыс пен Батыс көшбасшылары арасындағы өзара түсіністік пен диалогты нығайту арқылы аймақтық және ғаламдық мәселелерді ортақ түсінуге үлес қосу біздің мақсатымыз болып табылады» деп атап өткен болатын.