Экран сыртындағы жұмыс: телевизия саласында жүйелік әкімшінің рөлі маңызды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Бұл дегеніміз еңбек адамдарының сүбелі үлесін мадақтау, себебі жұмысшы мамандары болмаса жұмыс тұрақтылығын елестету мүмкін емес. Айталық, жүйелік әкімшілер, инженерлер, монтаж жасаушы мамандардың жұмысы экраннан көрсетілмейді, бірақ олардың еңбегінсіз теледидар, байланыс және цифрлық қызметтерге қол жеткізу мүмкін емес.

Осы орайда жұмысшы маманы, Қазақстан Республикасының Президенті Телерадиокешенінің ақпараттық технологиялар қызметінің жүйелік әкімшісі Әлімжан Исмаиловпен әңгімелескен едік.
— Бізде күн сайын үлкен медиа ағын өтетін сервер бар, көбісі видеолар. Олар алдымен өңделеді және файл қоймаларына түседі. Файлдар саны артып келеді, бірақ сақтау көлемі шектеулі, сондықтан үнемі қадағалап отыру қажет, яғни түскен деректі мұрағаттау маңызды, - деп бастады әңгімесін Әлімжан Исмаилов.

Жиналған деректің бір бөлігі ұзақ мерзімді сақтауға жіберіледі. Әлімжан Исмаилов сервердің дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды.
— Менің жауапкершілігімде теледидар бөлігінің бағдарламалық жасақтамасын орнату, яғни телеарнаның бейне стандарттары, форматы, кодектер мен плагиндер. Бұл - жұмыстың бір ғана бөлігі, - дейді ол.
Үзіліссіз эфир
— Түннің ортасы, қоңырау соғылды, сөйтсе, сервер істен шығыпты. Команда шұғыл эфирді резервке ауыстыруға мәжбүр болды, егер уақытында әрекет етпесек, эфир үзілуі мүмкін. Хабар тарату 24/7 режимінде болғандықтан, үзіліске жол бере алмаймыз, - деп жұмыс сәтін еске алады Әлімжан Исмаилов.
Телерадиокешеннің жүйелік әкімшілері қырағы, себебі эфир тәулік бойы жүреді және қолайсыздыққа жол берілмейді.
— Мен эфирлік серверлерді қадағалаймын, оларды орнатуға және ақаулықтарды жоюға қатысамын. Сондай-ақ бейне түсіру және түрлендіру серверлерін қадағалаймыз — бұл назар аударуды және жедел әрекет етуді қажет ететін тұрақты жұмыс, - дейді жұмысшы маман.
Бұл жұмыс тек техникалық білімді ғана емес, жоғары жауапкершілікті де талап етеді.
IT мамандарының бейнесі қалай өзгерді
— IT мамандарының бәрін тұйық, үнсіз, көзілдірік таққан, беті безеу деп елестетеді, фильмдер мен сериалдарда да солай бейнелейді. Басында менде де сондай қабылдау болды. Бірақ IT саласына келгенде таң қалдым, мүлдем басқа адамдар, олар ашық, белсенді әрі жаңа мүмкіндіктерге дайын тұрады, - дейді Әлімжан.
Осылайша жұмысшы маман IT саласының белсенді дамып келе жатқанын және салаға өршіл жігіттер көптеп келіп жатқанын айтып отыр.
— Әрине, «классикалық IT мамандары да бар. Менің ойымша, кез келген салада өз қарқынымен жұмыс істеуді қалайтын адамдар бар. IT енді тек компьютерде жұмыс істеу ғана емес, байланыс пен топтық жұмыс бірдей бағаланатын динамикалық қауымдастық, - дейді ол.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өткен жылғы деректері бойынша IT саласында 180 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді. IT қызметтердің экспортын 2026 жылға қарай министрлік 1 млрд АҚШ долларға жеткізуге ниетті.
Айта кетсек, IT мамандары еліміздегі ең жас кәсіп иелері.
Жасанды интеллект, ынталандыру және жаңа жобалар
— Өткен жылы біз дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жұмыс істедік, өте қызықты болды. Мұндай жобалар шабыт беріп, ынталандырады. Біздің салада әрдайым жаңа нәрсе пайда болып жатады, сондықтан әріптестеріммен жаңа дүниелерді белсенді зерттейміз, үйренеміз, - дейді маман.

Оның айтуынша, жасанды интеллектінің дамуына қарамастан, сала мамандарын ауыстыру мүмкін емес.
— Басқару, қателерді түзету, бақылау бағытында жасанды интеллектіге толық сенуге болмайды. Мұнда өте көп адами фактор бар және әрқашан адамның тікелей қатысуы қажет, - деп санайды ол.
Әлімжан Исмаилов 2011 жылдан бастап ҚР Президентінің Телерадиокешенінде 10 жыл бейнемонтажер болып жұмыс істеді. Жоғары біліммен IT саласындағы кәсіби жолы 2022 жылы есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету саласында басталды.
— Бір ұйымда көп жыл бойы жұмыс істегенде, сіз бәрін жаныңызбен ұғынып-түсіне бастайсыз. Бізде керемет команда бар, әріптестер жігерлендіреді және көмектеседі. Әрине, отбасы мен бала-шала одан сайын ынталандырады, - дейді ол.
Жұмыс — темірдей тәртіпті талап етеді.
Жүйелік әкімшілендіру — нәтижені бірден көруге болатын сала емес. Бұл салада көпшілікке ұсынылатын жарқын жобалар жоқ, бірақ, бұл жұмыссыз тұрақты хабар тарату мүмкін емес.
— Біз цифрлық кеңістікте тәртіп орнатамыз және сол тәртіпті үнемі сақтау керек. Біздің жұмыста нүкте жоқ, ол тұрақты және өте маңызды. Өз басым нақты әрі үйлесімді жұмыс істегенді жақсы көремін және бұл процесті басқара аламын, - дейді Әлімжан Исмаилов әңгіме барысында.
Сұхбат кейіпкері жұмысшы мамандығын таңдағанына өкінбейді. Сондай-ақ маманнан кәсіби саладағы және жеке бас арманы туралы сұраған едік «бақыт тыныштықты қалайды» деп ашық айтпауды шешті.
— Мен өзімді жай ғана IT маманы деп санамаймын, өзімді видео IT маманы деп айтар едім. Өйткені, видеомонтажер болып көп жылдар жұмыс істедім, кейін видеоинженер болдым, енді көп ұзамай менің жүйелік әкімші лауазымым жаңа форматқа, телевизиялық жүйелердің әкімшісі лауазымына ауысады, - деп толықтырады Әлімжан Исмаилов.
Техник мамандарының жұмысы оңай емес, цифрлық экожүйенің маңызды элементі саналады.
Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені — 1996 жылғы 29 желтоқсанда құрылды. Оның құрамына Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, еліміздегі ең көне «Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігі мен деректі кино орталығы кіретін Қазақстанның ірі медиа компанияларының бірі.
Еске сала кетейік, өткен жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланатыны туралы хабарлаған еді.
Былтыр желтоқсанда Президент 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтарының жылы туралы Жарлыққа қол қойды.
Жыл басында Үкіметте жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.
Биыл ақпанда елордада жұмысшы мамандықтарының республикалық фестивалі өтті.
Президент елордада өткен «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барды.