Хакан Фидан: Таяу Шығыстағы тұрақсыздық жаһандық қауіпсіздікке қауіп төндіреді
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия Иран төңірегіндегі шиеленіс жағдайында дипломатиялық күш-жігерін күшейтіп, тараптардың келіссөздерге шұғыл түрде оралуы қажеттігін мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Иран мен бүкіл Таяу Шығыста тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, қазіргі шиеленісу тек аймақтық емес, жаһандық қауіпсіздікке де қауіп төндіретінін баса айтты.
Фиданның cөзінше, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдары кең тараған тұрақсыздық қаупін арттырады. Ол жағдайдың одан ары шиеленісуі бүкіл аймақ үшін күтпеген салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Министр Анкара шиеленісті бәсеңдету және тараптарды диалогқа қайтару үшін барлық дипломатиялық арнаны белсенді түрде пайдаланып жатқанын жеткізді.
– Біз тұрақтылықты қамтамасыз ету және тыныш атмосфераны қалпына келтіру үшін айтарлықтай күш салудамыз, - деді ол.
Түркия дағдарыстан шығудың жалғыз тұрақты жолы дипломатия және аймақтағы қақтығыстың одан ары кеңеюіне жол бермеуге қабілетті келіссөздер процесі деп санайды.