Хакерлер АҚШ Әуе күштерінің негізгі бұлтты платформасына бұзып кірді
АСТАНА. KAZINFORM – Хакерлер АҚШ Әуе күштерінің ең ірі бұлтты есептеу платформаларының бірі – Cloud One жүйесіне бұзып кірген. Кибершабуыл әскери операцияларға, жеке құрамға және логистикаға қатысты ауқымды құпия деректердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Reuters дереккөздерінің мәліметінше, шабуыл шамамен бір ай бұрын жүйені жаңарту жұмыстары кезінде анықталған. Оқиға салдарынан платформаның жұмысы бұзылып, АҚШ Қарулы күштерінің Киберқолбасшылығы тергеуге тартылған. Әзірге хакерлердің кім екені, жүйеге қаншалықты терең енгені және қандай да бір деректерді ұрлаған-ұрламағаны белгісіз.
АҚШ Әуе күштері Reuters агенттігіне берген жауабында нақты желілер мен жүйелердің қауіпсіздік жағдайы, осал тұстары немесе жұмыс тәртібі туралы түсініктеме бермейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар ведомство өз ақпаратын, жүйелері мен әскери мүмкіндіктерін қорғау үшін тұрақты шаралар қабылдап отырғанын атап өтті.
2017 жылы іске қосылған Cloud One платформасы Әуе күштерінің ақпараттық технологияларға қатысты қажеттіліктерін бір жүйеге біріктіру үшін құрылған. Оның жұмысына Microsoft, Amazon, Oracle және Alphabet компанияларының ресурстары тартылған. Платформада әскери қызметшілер туралы деректерді, жалақы төлемдерін, логистика мен техникалық қызмет көрсетуді басқаруға арналған ондаған қосымша жұмыс істейді.
Олардың арасында Солтүстік Америка аумағындағы әуе қорғанысы радарлары мен басқа да дереккөздерден ақпарат жинайтын бұлтты басқару жүйесі бар. Сондай-ақ тағы бір қосымша әлемнің 200-ден астам АҚШ әскери нысанындағы бомбалар мен зымырандардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Cloud One – АҚШ әскери күштерінің ең ірі бұлтты платформаларының бірі. Reuters дереккөздерінің бірінің айтуынша, мұндай жүйеге жасалған шабуылдың салдары елеулі болуы мүмкін. Залалды бағалау үшін тергеуге АҚШ әскери күштерінің кибероперацияларға жауапты Киберқолбасшылығы да қосылған.
Шабуыл анықталғаннан кейін бірқатар жұмыс тоқтатылған. Атап айтқанда, әскери мекемелердің ішкі қосымшаларын Cloud One жүйесіне көшіру уақытша тоқтатылды. Платформада жұмыс істеп тұрған бағдарламаларды жаңартуға да тыйым салынды. Соның салдарынан Әуе күштерінің қызметкерлері жаңа бағдарламалық осалдықтарды жою үшін қажетті түзетулерді енгізе алмай отыр. Бұған қоса, кейбір пайдаланушылардың әкімшілік басқару құқықтары шектелген.
Reuters дереккөздерінің бірі хакерлер бағдарламалық қамтамасыз етудегі осалдықты пайдаланып, жүйені басқару деңгейіне дейін жеткенін айтты. Мұндай қолжетімділік шабуылдаушыларға әскери ұшақтардың техникалық жағдайын немесе қосалқы бөлшектердің қозғалысын бақылауға мүмкіндік беруі ықтимал. Дегенмен хакерлердің бұл мүмкіндіктерді пайдаланғаны әзірге расталмаған. Reuters шабуыл кезінде қолданылған нақты осалдықты да анықтай алмаған.
Бұл оқиға АҚШ мемлекеттік мекемелеріне жасалған кибершабуылдар жиілеген тұста болып отыр. Соңғы уақытта ФБР жүйелеріне екі рет шабуыл жасалғаны, Пентагон деректерінің бұзылғаны, Ішкі қауіпсіздік министрлігі қызметкерлерінің жеке мәліметтері сыртқа тарағаны және Қаржы министрлігінің жүйесіне заңсыз кіргені хабарланған. Жалпы, АҚШ үкіметі жақында жария болған кемінде алты кибероқиғаның салдарын жоюмен айналысып жатыр.
Reuters материалында бұлтты жүйелерге жасалатын шабуылдарда жасанды интеллектіні пайдалану қаупі де атап өтілген. Жасанды интеллект құралдары ауқымды ақпараттық жүйелердегі осал тұстарды жылдам анықтай алатындықтан, мұндай шабуылдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.
Бір қызығы, Cloud One бұған дейін де хакерлердің нысанасына айналған. 2023 жылы платформа басшылығы жүйеге жасалған көптеген шабуылдың бетін қайтарғанын мәлімдеп, киберқауіпсіздік саласындағы жұмысын жоғары бағалаған еді.
Айта кетейік, бұған дейін FIFA-ның жеке және іскерлік деректері хакерлердің қолына түскенін жаздық.
Ал осы айдың басында Жапонияда мобильді байланыс қызметі үзілген еді. Бұл жайт хакерлердің шабуылы болуы мүмкін екені айтылды.