FIFA-ның жеке және іскерлік деректері хакерлердің қолына түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық футбол федерациясына (FIFA) жасалған кибершабуыл салдарынан хакерлер жеке тұлғаларға қатысты және ұйымның іскерлік қызметіне байланысты ақпараттың бір бөлігіне заңсыз қол жеткізген. Бұл туралы Al Jazeera жазды.

FIFA-ның жеке және іскерлік деректері хакерлердің қолына түсті
Фото: Anadolu

БАҚ мәліметінше, FIFA Forward Enterprise жабық жобасының файлдарына шабуыл жасалмаған.

FIFA өкілдері кибершабуылды қатаң айыптап, бұл әрекет адамдардың жеке өміріне қол сұғылмау құқығын өрескел бұзу екенін және оған жол беруге болмайтынын мәлімдеді.

Федерация тиісті органдармен, соның ішінде құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Алайда FIFA шабуылдан қанша адам немесе ұйым зардап шеккенін, оның нақты қашан болғанын және қандай іскерлік деректердің қолды болғанын айтпады. Федерация мәлімдемесінде ұрланған ақпараттың интернетке жарияланған-жарияланбағаны және қайда орналастырылғаны да нақтыланбаған.

Алдыңғы аптада өзін Handsome Boy Hacking Club деп атайтын хакерлер тобы X әлеуметтік желісінде FIFA-ға тиесілі деген файлдардың скриншотын жариялаған. Үш күннен кейін топ ұйымның 12 гигабайттан астам ішкі құжаты желіге тарап кеткені туралы жазбаға жауап беріп, шабуылға қатысы барын іс жүзінде мойындаған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, шабуыл FIFA иелігіндегі барлық деректің 0,1 пайызынан аз бөлігіне әсер еткен.

Еске салайық, бұған дейін Францияда кибершабуыл салдарынан 22 миллион адамның жеке дерегі тарағанын хабарлаған едік.