Халал - денсаулыққа пайдалы таза тауар - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Халал» стандартын енгізу жөніндегі №57 техникалық комитетінің төрағасы М.Сәрсенбаев

Аталмыш шараны ұйымдастырушылардың бірі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарасты «Халал» стандартын енгізу жөніндегі №57 техникалық комитетінің төрағасы Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, бүгінде халал бренді қазақстандықтар тарапынан да үлкен қолдауға ие болып отыр. «Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана елде халал стандарттары осыншама ауқымды деңгейде қолданылуы мүмкін деген ой да болмаған еді. Ал бүгін елімізде осы сала бойынша 500-ден астам ірі кәсіпорындар жұмыс істеуде. Бүгін біз қалың көпшілік нағыз халал өнімдерінің қандай болатынын көріп, таза халал тағамдардың дәмін татып көрсе деген ниетпен осындай шара ұйымдастырып отырмыз. Бұл шараны біз қырғызстандықтармен бірлесіп ұйымдастырудамыз», деді комитет төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, халалдың негізінде біздің дінімізбен байланысты құндылықтар да бар. Бірақ ол белгілі бір дін өкілдері пайдаланатын тауар түрі емес. Халал денсаулыққа пайдалы таза тауар дегенді білдіреді. Сондықтан оны бүгінде тек мұсылмандар ғана емес өзге де дін өкілдері көптеп пайдалана бастады. Осының нәтижесі болар халал өнімдері бүгінде барынша қарқынды дамып отырған салалардың біріне айналып келеді. Ал бұл дегеніңіз елдің экономикасы. Сондықтан бізге оны барынша насихаттауға күш салуымыз керек», деді М.Сәрсенбаев.