Халал индустриясының мүмкіндігі әлі толық пайдаланылмай отыр - Қор директоры

Ы. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Әлемдік экономикада өз орнын айқындап үлгерген халал индустриясы Қазақстанда әлі күнге дейін қарқынды даму жолына түсе алмай келеді. Бұған халықтың халал индустриясына қатысты мағлұматының жеткіліксіз болуы да өз әсерін тигізуде. Біз осыған орай мәселенің мән-жайын білу үшін «Халықаралық тұтынушылар қоры» қоғамдық қорының директоры Арынғазы Мұратовты сөзге тартқан едік
None
None

- «Халықаралық тұтынушылар қоры» қоғамдық қоры қашан, қандай жағдайда құрылды. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ?

- Кеңес одағы тарағаннан кейін өз тәуелсіздігін жариялап, жеке шаңырақ көтеріп шыққан республикаларда халықтың бағасы арзан және сапасы жоғарғы тауар мен қызметке қол жеткізуі әлі толық қамтамасыз етілген жоқ. Бізді Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД елдері аумағында тұтынушылар құқын қорғайтын ұйым құру туралы идея көптен бері мазалап жүрген еді. Ол «Халықаралық тұтынушылар қоры» қоғамдық қоры деген атаумен 2005 жылы өмірге келді. Өз қызметімізді жүзеге асыру кезінде Америкалық сапа қоғамы мен Малайзияның тұтынушылар құқын қорғау ұйымымен істес болып отырмыз. Өйткені ғаламдық жаһандану үрдісі кезінде кейбір дамыған мемлекеттер «үшінші елдерді» ескірген техникасы мен тауарын өткізетін нарық ретінде ғана қарастыруда. Мәселен Израильдің «Колгейт» компаниясының тіс пастасы қазір нарықта үстемдік құрып тұр. Алайда Малайзияның тұтынушылар құқын қорғау ұйымы оның құрамында зиянды заттар бар екенін, әсіресе фтордың тісті қарайтатынын дәлелдеді. Мұндай жағдайлар, өкінішке қарай, өте көп. Мәселен оңай табыс іздеген саудагерлер балықты формалинде ұстап, алмаға нафталин жағады. Сол себепті алмада шірік болмайды, ал балық ұзақ уақыт тауарлық түрін сақтайды. Бұл туралы қарапайым халық хабарсыз. Олар көп жағдайда тұтынушыны емес, өз табысын ғана еселеуді алдына мақсат етіп қойған өндірушінің арбауына қалай түсіп қалғанын өздері де байқамайды.

- Оған заңмен тосқауыл қоюға болмай ма? Тұтынушылар құқын қорғайтын арнайы заң бар ғой.

- АҚШ-та Кеннеди 1-ші боп «Тұтынушылар туралы биль» деген заң шығарды. Тұтынушылар органы онда мықты. Одан өндірісшілер қорқады. Малайзияда да солай. Бізде тұтынушылар қоғамында ешқандай билік жоқ. Қоғамдық ұйым деп өндірісшілер менсінбейді. Елде тұтынушылар құқын қорғауға арналған заң жақсы жасалған. Бірақ оның күші толықтай пайдаланылып жатқан жоқ. Тұрмыстық заттарды былай қойғанның өзінде азық-түлік тауарларында да заңсыздықтар жетіп артылады.

Жалпы бізге шағымданушылардың көбі мұсылмандар. Қазір ішкі нарықтағы шұжықтардың 60 пайызы халал деп айтылады. Ол күмәнді. Өйткені «Мұсылмандық», «Халал» деп жазылған өнімдерде көп жағдайда өндірушінің аты ғана көрсетіліп, оның мекен-жайы мен тауардың құрамы туралы толық ақпарат берілмейді. Олардың стандартқа сәйкес келмейтіндігін дәлелдеу өте қиын. Оны академик Төрегелді Шарманов басшылық жасайтын Тамақтану академиясы да айтып отыр. Егер тұтынушы осындай шұжық таптым деп қоғамдық ұйымдарға шағымданып, өндірушіні сотқа берсе, олар дұрыс сақталмаған деп құтылып кетеді. Мемлекеттік зертханалар оның халал-харам екенін айта алмайды. Себебі онда қажетті жабдықтар жоқ. Халқының 70 пайызы мұсылман болып саналатын елде бірде-бір халал өнімдер зертханасының болмауы айтуға ұят іс. Бізде сөз көп. Дәлел жоқ. Зертхананың жоқ екенін өндірушілер де жақсы біледі. Мәселен құс еттері тауарлық түрін 1 аптадан кейін жоғалтады. Ал сатушыға оның ұзақ сақталынғаны керек. Олар тіпті өнімі тауарлық түрін жоғалтпау үшін шприцпен шошқаның майын құюға дейін барады. Сатып алған кезде жақсылап қарасаңыз, оның орны көрініп тұрады. Сол сияқты кейбір шұжықтың 25 пайызы ғана ет те, қалғаны соя, май сияқты түрлі қоспалар болғандықтан дәмсіз. Ал құзырлы органдарға бұл туралы хабарлап, олармен бірлесіп жұмыс жасай бастасаң, жарты жолға келгенде кежегесі кейін тарта бастайды.

- Бұны қалай түсінуге болады?

- Бізге жұмыс кезінде әр тараптан қысым жасалады. Сол себепті қызметкерлеріміздің көбі тұрақты жұмыс істеуге қорқады. Кеңес одағы кезінде тұтынушылар қоғамының құзыры жоғары болды және атқарушы билік органдарымен қатар жұмыс жасады. Қазір көршілес Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда бұл жүйе сақталып қалған. Ресейде әкімдіктің бүкіл бір қабатында тұтынушылар қоғамы орналасқан. Үкімет оларға жалақы төлейді. Ал Қазақстанда 1992-93 жылдары сырттан компаниялар кіре бастаған кезде бұл қоғамдық ұйым үкіметтен бөлінді. Оның зардабын біз қазір тартып келем жатырмыз. Біз үлгі тұтатын Малайзияда да ол үкіметпен бірге жұмыс жасайды. Индустрия және сауда министрлігі оған грант бөліп отырады.

- Қазір жұртшылықтың халал стандарты бойынша жасалған тауарға деген ықыласы өте жоғары. Алайда соған қарамастан нарықта сапасыз өнімдердің де үлесі азаймай отыр. Оның басты себебі не деп ойлайсыз?

- Капиталистік даму жүйесінде өндірісшілер тұтынушыны емес, өз пайдасын көбірек ойлайды. Елдің халал өнімге деген қызығушылығын байқаған соң олар енді оны оңай табыс табудың бір жолына айналдыруға көшті. Бұл проблема бізде ғана емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе. Жалпы «халал» араб сөзі. Құранда оның мағынасы рұқсат бердім дегенді білдіреді. Сондықтан мұсылмандарда халал мен харам деген ұғым бар. Дәстүрлі, ұлттық ерекшелікке орай, халал әр елде әртүрлі. Өкінішке қарай, кейбір халықтар одан қорқады. Мысалы мұсылмандар шошқаны харам деп санайтындықтан, шошқамен күрес басталады деген сияқты. Жоғарыда біз тілге тиек еткен Малайзияда «Кока-кола» харам деп саналады. Оны кейін түріктер дәлелдеп шықты. Өйткені жаңа жасалған «кока-коладан» ештеңе таба алмайсыз. Алайда 48 сағаттан кейін ол аз спиртті ішімдікке айналады. Оның құрамында біз білмейтін нәрселер бар. Сол сияқты кондитерлік фабрикалар өз өнімдеріне спиртті, малдың майын және тағы басқа да дәмдеуіштер мен қоспаларды қосады. Адал жолмен нәсіп табуды ойлайтын кез-келген кәсіпкер саудаға шығарған кезде өнімінің орамасында оның құрамын түгел көрсетіп жазады. Халал өнім іздеген тұтынушы оны сатып алғанда ескереді. Қазір сондай-ақ, өнімнің халал-халал емес екенін анықтайтын зертханалар мен оның өзіндік құрал-жабдықтары бар. Соның бірі - жинтестер деп аталады. Бұл құрал арқылы үстелде екі сағатқа дейінгі аралықта шошқа етінің болған-болмағанын және оның шұжықтың құрамында бар-жоғын анықтауға болады.

- Дәстүрлі, ұлттық ерекшеліктерге орай халал әр елде әртүрлі дегенді айтып отырсыз. Оны қазақ халқы қай уақыттан бері тұтынып келе жатыр?

- Оның тамыры сонау есте жоқ, ескі замандарда жатыр десем қателеспейтын шығармын. Өйткені көшпелі өмір салтын ұстанып, табиғатпен етене өскен ата-бабаларымыз ең таза өнімді тұтынып келді. Киіз үйді баспана етіп, судың тұнығын, шөптің шүйгінін іздеген малдың ығымен жүріп, жаз жайлауда, күз күзеуде, қыс қыстауға көшіп қонды. Қоршаған ортамен өз байланысын ұзақ уақыт сақтап келген халқымыздың дәстүр-салтын зерттеген ғалымдар әлі күнге дейін бұл құпияның сырын толық ашып болған жоқ. Қазір олар табиғатпен байланысын үзген халықтардың өмір сүру салты ғана емес, салт-санасы мен тамақтану дәстүрі де жылдам өзгеріп бара жатқанын мойындап отыр.

Осы арада мына бір жайтқа назарыңызды аударғым кеп отыр. Ұзақ уақыт бойы артта қалған ел саналып келген Малайзия 40 жылдың ішінде халал арқылы ислам еліне айналып, дамыған ірі мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұл тәжірибені үйрену бізге артық болмасы анық. Қазақстанда қазір №57 Халал стандарты технологиялық комитеті бар. Олар үш жылда шұжық пен қонақ үйге ғана 2 стандарт жасады.

- Әлемдегі халал индустриясының ауқымы қаншалықты үлкен?

- 2005 жыл ол 580 миллиард доллар болған. Биыл мамыр айындағы көрме кезінде әлемнің 80 еліндегі халал индустриясының көлемі 900 миллиард долларды құрап отырғаны айтылды. Жалпы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында жыл сайын халал өнімдердің әлемдік көрмесі өтеді. Оған 2005 жылы Қазақстан да қатысқан болатын. Онда Қазақстаның шұжықтары 80 елдің ішінен үздік шығып, 1-ші орынға ие болды. Қазақстандық делегация құрамында сол кезде Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде Мұхтар Шаханов барды. Өкінішке қарай, бұл көрмеге Қазақстан одан кейін қатысқан жоқ. Онда шетелдік инвесторлар өндірісті дамытуға қаржы салайық, бірлесіп өндірістік зауыттар салайық деп, үлкен қызығушылық білдірген еді. Бірақ оған ешкім аса мән бермеді.

- Тұтынушылар қоғамының қоғамдағы беделінің әлі күнге дейін төмен болуы неліктен?

- Тұтынушылар қоғамдары өз жұмысын жұртшылықтың арыз-шағымы бойынша жүргізеді. Бұл бағытта олар мемлекеттік қадағалаушы органдармен тығыз ынтымақтастық қатынас орнатқан. Біздің жұмысымыздың нәтижелі болуы көбіне тұтынушылардың белсенділігіне тәуелді. Олардың құқықтық сауаты әлі төмен. Қазір нарықта Ресейден әкелінген,пайдалану мерзімі өткен азық-түлік өнімдері өте көп. Мәселен біз осындай балықты саудалап жатқан қазақстандық бір компанияны анықтадық. Сондай-ақ пайдалану мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен, Грузиядан келген минералдық судың сатылуына тосқауыл қойдық. «Белагви» деп аталатын бұл судың пайдалану мерзімі жазылған жерге «акция» деп қағаз жапсырып қойыпты. Құзырлы органдар тексеруінен кейін оларға 1 миллион теңгеге айыппұл салынды.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар