Халық көбірек оқу үшін Дания кітапқа салынатын 25% салықты алып тастайды
АСТАНА. KAZINFORM — Әрбір төртінші 15 жастағы жасөспірім Данияда қарапайым мәтінді түсінуге қиналады. Мұндай деректерді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жариялады, деп хабарлайды Еuronews.

Дания үкіметі азаматтарды көбірек кітап оқуға ынталандыру мақсатында кітап сату кезіндегі 25 пайыздық салықты алып тастайтынын мәлімдеді.
Данияның мәдениет министрі Якоб Энгель-Шмидт бұл өзгерістің арқасында дүкен сөрелерінен көбірек кітап сатылатын болады деген үмітін білдірді. Бұл бастама мемлекетке жылына шамамен 330 миллион кронға (44 миллион еуро) түседі, бірақ Энгель-Шмидт мұны елдің мәдени болашағына салынған инвестиция деп атады.
— Бұл — мен мәдениет министрі ретінде көптен бері қолға алған жұмысым. Себебі біз соңғы жылдары күшейіп келе жатқан оқу дағдарысына нүкте қоюды қаласақ, барымызды салуымыз керек деп есептеймін. Бұл шешімге қуаныштымын. Күн сайын мұндай ауқымды қаражатты даттардың мәдениетіне және тұтынуына инвестициялау қажеттігіне әріптестерімді иландыра бермейсің, — деді Энгель-Шмидт Ritzau ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.
Кітап сатуға салынатын 25 пайыздық салықты алып тастау шешімі ЭЫДҰ-ның алаңдатарлық статистикасынан кейін қабылданды. Соңғы есепке сәйкес, 15 жастағы дат балаларының 24 пайызы қарапайым мәтінді түсінбейді. Бұл көрсеткіш он жыл бұрынғыдан төрт пайызға жоғары.
Сауалнамалар да жасөспірімдердің кітап оқуды азайтып кеткенін көрсетіп отыр. Сарапшылар мұны балалардың зейін қоюдағы қиындығымен және түрлі алаңдататын факторлармен байланыстырады. Ең алдымен әңгіме гаджеттерге тәуелділік туралы болып отыр.
Айта кетерлігі, Норвегияда кітап сатуда мүлде салық салынбайды. Финляндияда кітапқа салық мөлшері — 14%, ал Швецияда бар-жоғы — 6%.
Әлемдегі ең ерекше кітапханалардың бірі Қытайдағы Мяньхуа кітапханасы туралы жазған едік.