Халық махаббатының айғағы

АСТАНА. KAZINFORM — Ежелдің ең күнінен бері киіз туырлықты көшпенді жұрт от жағып, күл төккен Жоңғария өлкесін – Хан-Алтайдан Боғдаға, Хантәңірден Қарлыққа дейінгі байтақ даланы мекен еткен алаш баласының ұлттың бас ақыны Абайға деген махаббаты мен құрметі айрықша. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін Абайды білмейтіні жоқ. Абай сөзі арғы беттегі ағайын үшін де ыстық жүректің байлауы, нұрлы ақылдың қайнары. Әр сөзін Абаймен бастап, айтар ойын Абаймен түйіндейтін абыз ақсақалдардың көзін біздің де көре қалғанымыз бар.

Абай мұрасы Қытайда
Фото: russian.people.com.cn

Ұлт зиялыларын қынадай қырған атышулы сталиндік нәубеттен кейін, Алаш арыстарының асыл мұраты Шығыс Түркістан топырағында жалғасын тапқаны тағы рас. Райымжан Мәрсеков, Ыбырайым Жайнақов, Кәрім Дүйсебаев, Әсет Найманбайұлы, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы, Зият Шәкәрімұлы, Шерияздан Мәрсеков, Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Асқар Татанайұлы бастаған ірі тұлғалар із салған ағартушылық қозғалыстың арқасында арғы беттегі қазақ ауылдары да ұлы ақынның нұрлы ақылының сәулелі шуағына шомып, ояну, жаңғыру, рухани түлеу жолына түсті.

Абай сөзі Қытайдағы қазақ әдебиетінің де алтын қазығы, асқар белі болды. Сөз саптаған, қалам ұстаған ақындар мен ұлт зиялыларының ұлы Абайды ұстаз тұтпағаны кемде-кем. Мысалы, аузымен құс тістеген дүлдүл ақын Арғынбек Апашбайұлы бір өлеңінде бүй дейді:

Өскенбай, Қажы Құнанбай, мырза Ыбырай,

Абайдың жаннан асқан білімін-ай!

Затың қазақ болған соң амал барма,

Арманда зарлап өттің, бұлбұлым-ай!

Ғаламға үлгі жайып, сөз тараттың,

Атыңыз бақи қалды, дүлдүлім-ай!

Низамы болмаған бұл атаң қазақ,

Табылмас енді ойласам бір күнің-ай.

Алтайдың күнгейі мен теріскейін аузына қаратқан дін ғұламасы, Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің көш басында тұрған ірі қайраткер Ақыт Үлімжіұлы да хакім мұрасын рухани өмірінің бойтұмары санады. «Ақындар менен бұрын өтті талай, әсіресе Құнанбай баласы Абай. Дәл сондай өткір сөзді болмаса да, мен де аз сөз жазып қойдым құрап-жамай» деп толғаған абыз Ақыттың бас ақынның күрделі лебіздерін шешуге, өнеге-тағлымын жұртқа жаюға бағытталған «Дәлейлул-ғақылия» кітабын жазуының өзі неге тұрады?

Мағаз Разданұлы
Фото: Мағаз Разданұлының мұрағатынан

Абайдың Алтай бетіндегі адал шәкірттерінің бірі Мағаз Разданұлының есімі мен шығармашылық мұрасы арғы беттегі қазақтар үшін қымбат. «Сары бел» атты өлең-романымен Қытайдың мемлекеттік сыйлығын қанжығасына бөктерген қаламгер Мағаз 1924 жылы Алтайдың күнгей бетіндегі Буыршын өңірінде өмір есігін ашады. Болашақ ақынның алғашқы ұстазы әкесі Раздан имам еді. Раздан имам араб, парсы, түрік тілдерін меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, 200-ден астам кітап қоры бар оқымысты жан болыпты. Сейтқазы Нұртаев, Зият Шәкәрімұлы сынды ұлт зиялыларымен көңілі жақын, тілеуі жуық болыпты. Алғашқы сауатын әкесінен ашқан талапты жас 1938 жылдың қыркүйегінен 1940 жылдың шілдесіне дейін Сарсүмбе қаласында педагогикалық мектептен білім алып, ары қарай ауыл мектебінде мұғалім болады. Бала күнінен Абай сөзін құлағына құйып өскен болашақ қаламгер ұлы ақынның 1909 жылы Петербургте басылған тұңғыш жинағының көшірмесін 1945 жылдың жазында тағы бір дәптерге қотарып шығады.

«Абайды мен жасымнан өстім тыңдап,

Деген ол екі нәрсе сыр мен сымбат.

Сыр – іші, сымбат – сырты, сол себепті

Жақсының өзі – тұлға, сөзі – қымбат», - деп жырлаған Мағаз Разданұлының қолынан шыққан Абай жинағының көшірмесі кейін қолды болып, ұшты-күйлі жоғалады. Оған не себеп болғанын дереккөздер ашып айтпайды. Біздің болжауымызша, елуінші жылдардың аяғын ала бұрқ етіп, ел-жұртты сарсаңға салған саяси науқандар жас ақынды қимас, қымбат қазынасынан көз жаздырса керек. Бұндай жағдай белгілі абайтанушы, Абай мұраларын қытай тілінде сөйлеткен алғашқы қаламгер Қабайдың (Ха Хуаньчжан) да басынан өткен. Бүкіл Қытайды аяғынан тұрғызған атышулы Мәдени революцияның сұрапыл дауылы салған жерден бірнеше тілді еркін меңгерген жас маманды іле кетеді. Бірде шолақ белсенділер Қабайдың үйіне басып кіріп, сары майдай сақтаған кітап қорын талапайға салады, «улы шөп» деп танылған кітаптарды иесінің көзінше өртеп жібереді. Қас надандардың қарасы ұзап кеткен соң, жұмыс әредігінде Абай мұрасын қытай тіліне аударып жүрген Қабай бірден ұлы ақынның өлеңдер жинағын есіне алады, бірақ таппайды. Кітаптың қолды болғаны ақиқат еді, тіпті өртелген болуы да мүмкін. Өзегіне өрт түскен аудармашы қайғыдан есеңгіреп, көрер таңды көзбен атырады. Ертесіне жұмысқа жүрмек болып, аулаға шықса, мына ғажайыпқа қарамайсыз ба, түні бойы күңіренткен Абай жинағы бүтін күйінде терезенің көзінде тұрады. Сірә, сырт көзге белсенді болып жүрген әлдекім жасырып қалып, түн жамыла терезенің алдына қойып кетсе керек.

Осы туралы сөз болғанда Қабайдың тілшіге: «Жинақтың жоғалып табылуын Абай рухының киесіне жорыдым», - деп ағынан ақтарылғаны бар.

Шулы науқан Мағаз Разданұлын да қалпақша ұшырады. «Алтай газетінде» тілші, редактор болып жұмыс істейтін, «Кесілген бас» дейтін алғашқы жыр жинағын баспаға өткізіп қойған ақын 1958 жылы 34 жасында бас бостандығынан айрылып, табаны күректей 21 жылды айдауда, қамауда өткізеді. 1979 жылы сәуір айында ақталып шығып, қоғамдық қызметке қайта араласқан ақын 1985 жылы өр Алтайдағы Шіңгіл жеріне сапар шегеді. Осы сапарында Шіңгіл өңірінің тумасы Мұқаметбек Зәтелбайұлы шар тартқан Мағаз ақынға жоғалды деп жүрген қолжазба-көшірмені қайтарады. Бұл турасында ақынның туған інісі Мидхат Разданұлы «Шәкәрім өлеңдері және «Үш анық» жөнінде» деген мақаласында былай дейді:

- Әкем… кімнен алғаны бізге беймәлім, әйтеуір «Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағы» деген кітаптың көшірмесін әкеліп, оқып жүреді. Бұл кітап 1909 жылы Кәкітай Ысқақұлы Санкт-Петербург қаласында бастырған нұсқасынан көшіріліпті. «Көшірген – Ғабиден Жігітбаев» деген сөз бар еді. Ол мұғалім екен. Кітапқа қатты қызығып қалған ағам оны 1945 жылдың жазында бір айдай уақыт шығарып, Буыршынның Үштас жайлауында көшіріп шықты... (көшірме) Икемді, қатты мұқабалы қара дәптерге химиялық күлгін түсті сиямен жазылыпты... Осы кітап көшіріліп болған соң, біздің үйде көп тұрмай жоғалып кетіп еді. Тура 40 жыл өткен соң, 1985 жылы қиырдағы Шіңгіл ауданынан Мұқаметбек Зәтелбайұлы оны үлкен адамгершілік танытып Мағаздың өзіне табыс етті. Кітап Шіңгіл жаққа қашан, кім арқылы барғанын Мұқаметбек те, Мағаз да білмейді. Бала әкеден, ана баладан айырылып қалып жатқан, соғыс өрті шарпыған, небір қиын-қыстау күндерді бастан өткізген Өр Алтайдың өрінде халықтың Абай өлеңдерін жанындай жақсы көріп, жоғалтпай сақтауын қараңызшы! Бұл да Абайдың ұлылығынан емес пе!

Мағаз ақын
Фото: Kazinform

Мағаз ақынның шаңырағында сақталған көшірменің сканер-нұсқасы 2020 жылы біздің қолымызға тиген еді. Өкінішке қарай, дәптердің алғашқы 15 беті жоқ. Қолымыздағы көшірме ұлы ақынның «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деген өлеңінің «Ауқаты бар туғанды» деген жолынан басталып, Кәкітай Ысқақұлының «Абай Құнанбаевтің өмір тарихы» деген мақаласымен түйінделген.

Мағаз ақын
Фото: Kazinform

Қолжазба Ахмет Байтұрсынұлының емлесімен төте жазуда көшірілген. «Ескендір әңгімесі» деген тақырыппен белгіленген белгілі поэмадан кейін «34 жылы 8 айдың 23 күні көшіріп болдым. Мағаз Разданұлы» деп, ал ең соңғы бетке «Мағаз Қ. 25.8.34» деп қол қойылған. Оның себебі, Қытай Республикасының жыл санауы 1911 жылдан басталады. Демек, көшірменің соңғы нүктесі 1945 жылдың 25 тамызында қойылған. Көшірменің кей тұстары қара сиямен түзетілген немесе қайта жазылған. Бірнеше бетке бөтен кісілердің қолы қойылған. Соның ішінде 81-беттегі «Онегиннің сипаты» деген өлеңнің шекесіне «Мұқау» деп қол қойылған. Ол Шіңгіл ауданында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарған, ел-жұрты Мұқау атандырған, көшірмені сақтап, иесіне қайта табыстаған Мұқаметбек Зәтелбайұлының қолы екенінде дау жоқ.

Мағаз ақын
Фото: Kazinform

Қысқасы, осыдан тура 80 жыл бұрын құнтты қолмен көшіріліп, кейін қапияда қолды болған, қолдан қолға өтіп, қаншама жылдан кейін иесінің қолына қайта оралған қолжазба Абай рухына қол жайған иісі қазақ баласының, хакім сөзін қолдан түсірмей қастерлеген Алтай жұртының айнымас махаббатының асыл айғағындай көзге ыстық, көңілге қуат!

Айта кетейік, 2025 жылы 11 сәуір күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мағаз Разданұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Таңдамалы шығармаларының» таныстырылымы өтті

Соңғы жаңалықтар