Халық пен Президенттен кешірім сұраймын – Қайрат Сатыбалды кінәсін мойындады

АСТАНА. KAZINFORM – Қайрат Сатыбалды сотта сөйлеген сөзінде өзінің қателігін мойындайтынын мәлім етті.

Қайрат Сатыбалды
Фото: Видеодан алынған кадр

«Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуға тиіс. Халқымызда сөз бар, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша мен органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін. Бұл – Мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Мұндайды көрген соң, ендігі жерде ешкім елдің ырысын сыртқа шашпайды», - деді Қ.Сатыбалды.

Сонымен қатар ол мемлекетте соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді көріп-біліп отырғанын айтты.

«Осындайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірге жұмыс істеуіміз керек. Мен Президентіміздің жүргізіп отырған саясатын толықтай қолдаймын. Заңсыз капиталдың бәрі – тиынына дейін елге қайтарылып, заң мен тәртіп болуға тиіс! Халықтан, кезінде тізем батқан, ақысына кірген адамдардан және Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын», - деді ол.

Оның сөзінде осыған дейін барлық істеген іс-әрекеттерін саралауға, ой қорытуға уақыт жеткілікті болғаны атап өтілген. Бұл ретте жіберген қателігін және кінәсін толықтай мойындай отырып, істеген ісіне өкінетіні айтылған.

Қ. Сатыбалдының айтуынша, тергеу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізілді.

«Мемлекет басшысының заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ісі бойынша жүргізіп жатқан саясатын толықтай қолдаймын. Менің істеген ісім басқаларға дұрыс шешім шығару үшін сабақ болады деп ойлаймын. Ағаттық істеп, ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қайрат Сатыбалдыға қатысты үкім өзгерді

Бұл ретте, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігі 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырылды.

Соңғы жаңалықтар