Халықаралық агенттік сарапшылары Қазақстандағы ядролық білім беру жүйесін бағалайды
АСТАНА. KAZINFORM- Алматы қаласында 24–27 қараша аралығында Ядролық физика институтының базасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ядролық білім беру саласында кешенді консультациялық қызметтер көрсету жөніндегі ұлттық миссиясы (INEAS) өтіп жатыр.
ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, миссияның негізгі мақсаты – ядролық білім беру мен кадрлар даярлаудың ұлттық жүйесінің қазіргі жай-күйін бағалау, саланың білікті мамандарға қажеттілігін айқындау және халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу.
Іс-шараға Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының, Ядролық физика институтының, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып жатыр.
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Василий Лавренов алғы сөз сөйлеп, атом саласын дамыту және Қазақстанда атом электр станцияларын салу жобаларын іске асыру аясында жоғары білікті отандық мамандар даярлаудың ерекше маңызын атап өтті.
Ол сөзінде еліміздің атом саласын дамытудың негізгі бағыттарын, сондай-ақ саланы кадрлармен қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларды таныстырды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының атом саласы үшін кадрлар даярлаудың 2027–2031 жылдарға арналған кешенді жоспары да қамтылды.
Төрт күндік бағдарлама аясында отандық білім беру және ғылыми ұйымдардың таныстырылымдары, халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу, ядролық білім беру жүйесіне өзіндік бағалау жүргізу бойынша практикалық сессиялар өткізу, сондай-ақ алдағы іс-қимыл жоспарын әзірлеу және келісу жоспарланған.
Миссия қорытындысында ядролық білім беру мен кадрлар даярлаудың ұлттық жүйесін жетілдіру жөнінде практикалық ұсынымдар әзірленеді.
INEAS миссиясын өткізу мемлекеттік органдар, білім беру және ғылыми ұйымдар, атом саласының кәсіпорындары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның АЭХА-мен кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Осыған дейін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына бағалау жүргізу және INIR кешенді шолуының екінші кезеңіне дайындалу жөніндегі бірлескен миссиясы өтіп жатқаны туралы жаздық.