Халықаралық ахуал одан сайын күрделене түсті – Мирзиёев Ресейдегі теракт жайлы
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Біз қиын әрі қауіпті кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл туралы Ташкент халық депутаттары кеңесінің сессиясында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Президенттің баспасөз хатшысы Шерзод Асадовтың мәлімдеуінше, Шавкат Мирзиёев кеңес барысында қалыптасқан қазіргі күрделі халықаралық жағдайға ерекше тоқталды.
«Біз қиын әрі қауіпті кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Таяу Шығыстағы және негізгі серіктестеріміз арасындағы қақтығыстар әлі шешімін таппады. Сонымен қатар Мәскеу облысындағы террорлық актінің салдарынан халықаралық ахуал одан сайын күрделене түсті. Біз қазіргі уақытта «қай мемлекет осындай жағдайдың болмайтынына кепілдік береді?» дегенді ой елегінен өткізуіміз керек», - деді Өзбекстан басшысы.
Шавкат Мирзиёев осындай уақыттарда Өзбекстан үкіметінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі экономикаға және халықтың табысына теріс әсер ететін факторларды азайту екенін атап өтті.
«Ол үшін махалланың экономикалық базасын нығайту және халықтың табысын ұлғайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану қажет», - деп тоқталды ол.
Көршілес мемлекеттің басшысы жауапты органдарға Өзбекстан азаматтарының өзге елдердің еңбек нарығына шығуын жеңілдету және Отанына оралған мигранттарды жұмыспен қамту мәселесін жүйелі шешу бойынша бірқатар тапсырма берді.
Еске сала кетсек, 22 наурыз күні Мәскеу облысындағы «Crocus City Hall» орталығына қаруланған адамдар баса көктеп кіріп, келушілерге оқ жаудырған. Салдарынан 500-ден астам адам жарақат алып, 140-тан аса азамат мерт болды. Олардың ішінде балалар да бар.