Халықаралық деңгейде шешім қабылдау тетігі өткеннің еншісінде қалды – Антониу Гутерриш

АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйек айының ішінде Нью-Йоркте Болашақ саммиті өтпек. Осы халықаралық ауқымдағы іс-шараға орай БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериштің авторлық мақаласы жарияланды. Kazinform оқырман назарына аталған мақаланың қазақ тіліндегі бейресми аудармасын ұсынады.

БҰҰ
Фото: БҰҰ

*

Әлемдік көшбасшылар бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін жаһандық ынтымақтастықты қайта ретке келтіруі тиіс.

Қазіргі уақытта Нью-Йоркте осы айға жоспарланған Болашақ саммитіне қатысты келіссөздердің қорытынды кезеңі өтіп жатыр. Онда Мемлекет басшылары жаһандық ынтымақтастықтың құрамдас элементтеріне қатысты реформаларды келіседі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы осынау бірегей саммиті айқын фактілерге байланысты шақырады: жаһандық проблемалар оларды шешуге тиіс мекемеге қарағанда жылдам дамып барады.

Оған дәлелді аттап басқан сайын табуға болады. Жан алысып, жан беріскен жанжалдар мен зорлық-зомбылық қайғы-қасіретке алып келеді; геосаяси қарама-қайшылық барлық жерде таралған; барлық жерде болып жатқан теңсіздік пен әділетсіздік сенімді жоғалтып, наразылықты ушықтырады, популизм мен экстремизмді күшейтеді. Кедейшілік, аштық, кемсітушілік, мисогиния және нәсілшілдіктің ежелден келе жатқан мәселелері жаңа формаларға ие болады.

Сонымен қатар, біз климаттық хаос пен қоршаған ортаның деградациясынан бастап, этикалық және құқықтық вакуумда дамып келе жатқан жасанды интеллект сияқты технологияларға дейінгі жаңа экзистенциалды қауіптерге тап болдық.

Болашақ Саммитін шақыра отырып, осы мәселелерді шешу біздің қолымызда екенін мойындаймыз. Дегенмен, бізге тек әлемдік көшбасшылар қамтамасыз ете алатын жүйелі жаңару қажет.

Халықаралық деңгейде шешім қабылдау тетігі өткенде тұрып қалды. Көптеген жаһандық институттар мен құралдар 1940 жылдардың — жаһандануға дейінгі, отарсыздандыруға дейінгі, әмбебап адам құқықтары мен гендерлік теңдікті кеңінен тануға дейінгі, киберкеңістіктің қалыптасуын айтпағанның өзінде, адамның ғарышқа ұшуына дейінгі дәуір өнім саналады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңімпаздары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде әлі де басым жағдайға ие болса, ал бүкіл Африка құрлығынан бірде бір ел Кеңесте тұрақты орынға ие емес. Жаһандық қаржы архитектурасы дамушы елдерге мүлдем қолайлы емес және қиындықтар туындаған жағдайда оларға қолдау жүйесін қамтамасыз етпейді, сондықтан олар қарызға батып, өз халқына ақша салу мүмкіндігінен айырылады.

Сонымен қатар, жаһандық институттар қазіргі әлемдегі көптеген маңызды ойыншылардың қатысуы үшін шектеулі мүмкіндіктер ұсынады — азаматтық қоғамнан жеке секторға дейін. Әлемді мұра ететін жастар мүлдем ұсынылмаған десек те болады және болашақ ұрпақтың мүдделері ескерілмеген.

Идея анық: біз аталарымыз бен әжелерімізге арналған жүйенің көмегімен немерелеріміз үшін лайықты болашақ құра алмаймыз. Болашақ саммиті ХХІ ғасырдың қажеттіліктерін ескере отырып, көпжақты ынтымақтастықты қайта жүктеуге мүмкіндік береді.

Біз ұсынатын шешімдер қақтығыстардың алдын алу және тоқтату үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін қоса алғанда халықаралық институттар мен құралдарды жаңартуға бағытталған бейбітшілік үшін жаңа күн тәртібіне қатысты. Әлемнің жаңа күн тәртібінде біздің әлемді ядролық қарудан және басқа да жаппай қырып-жою қаруларынан арылту жөніндегі күш-жігерді қайта бастауға, сондай-ақ гендерлік зорлық-зомбылық пен бандитизмді қамтуы үшін «қауіпсіздік» ұғымын кеңейтуге шақыру бар. Онда қауіпсіздікке болашақтағы қатерлер ескеріледі және соғыс іс-қимылдардың өзгермелі сипаты мен жаңа технологияларды вепонизациялау тәуекелдері мойындалады. Мәселен, бізге адамның қатысуынсыз өмір мен өлім туралы шешім қабылдауға қабілетті ажал уын себетін автономды қаруға тыйым салатын жаһандық келісім қажет.

Жаһандық қаржы институттары қазіргі әлемнің шындығын көрсетіп, заманауи сын-қатерлерге сенімді төтеп беру үшін әлеуетке ие болуы тиіс — қарызды өтеу, тұрақты даму, климаттың өзгеруіне қарсы күрес. Бұл дамушы елдердің қолайлы мөлшерлемелер бойынша жеке қаржыландыруға қолжетімділігін едәуір кеңейту үшін борыштық дағдарысты еңсеру, көпжақты даму банктерінің кредиттік мүмкіндіктерін ұлғайту және олардың бизнес-моделін өзгерту жөнінде нақты шаралар қабылдауды білдіреді.

Мұндай қаржыландырусыз дамушы елдер біздің болашағымызға ең үлкен қауіп — климаттық дағдарысқа төтеп бере алмайды. Олар ғаламшардың түбіне жететін қазба отынынан таза, жаңартылатын энергия көздеріне өту үшін ресурстарға өте мұқтаж.

Өткен жылы көшбасшылар атап өткендей, жаһандық қаржы архитектурасын реформалау да тұрақты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізуде аса қажетті прогресті жеделдетудің кілті саналады.

Саммитке қатысушылар жаһандық әсер ететін жаңа технологияларға да назар аударады және цифрлық алшақтықты еңсеру тәсілдерін табу мен барлығына ашық, еркін әрі қауіпсіз цифрлық болашақты құрудың жалпы принциптерін әзірлеуге тырысады.

Жасанды интеллект — бұл революциялық технология, оны қолдану аясы мен пайдалану тәуекелдерін біз енді ғана түсіне бастадық. Біз Үкіметтердің технологиялық компаниялармен, академиялық ортамен және азаматтық қоғаммен бірлесіп, жасанды интеллектпен байланысты тәуекелдерді басқару тетіктерін құру, сонымен қатар осы технологияны пайдаланудың зиянды әсерін мониторингілеу әрі жұмсару, онымен байланысты артықшылықтарды бөлу бойынша қалай жұмыс істей алатыны туралы нақты ұсыныстар жасадық. Жасанды интеллектіні басқаруды байлардың қолына беруге болмайды; оған барлық елдің қатысуын қамтамасыз ету қажет және БҰҰ осындай күш-жігерді біріктіру үшін платформа ұсынуға дайын.

Осы ұсыныстардың бәрін байланыстыратын ортақ тақырып — адам құқықтары мен гендерлік теңдік. Шешімдер қабылдаудың жаһандық тетіктерін әйелдер мен қыздардың толыққанды қатысуы мен көшбасшылығын қамтамасыз ете отырып, адамның барлық құқықтарын сақтамай және мәдени әртүрлілікті құрметтемей реформалау мүмкін емес. Біз әйелдердің билікке қол жеткізуіне кедергі келтіретін заңды, әлеуметтік және экономикалық сипаттағы тарихи кедергілерді жою бойынша күш-жігерді қайта бастауды талап етеміз.

1940 жылдардағы бітімгерлер үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алуға көмектесетін мекемелер құрды және көптеген ел үшін отарлаудан тәуелсіздікке жол ашты. Дегенмен, ол бітімгерлер бүгінгі жаһандық жағдайды елестете де алмады.

Болашақ саммиті ХХІ ғасырдың шындығына және біздің көпполярлы әлемімізге бейімделген жаһандық ынтымақтастық үшін неғұрлым тиімді әрі инклюзивті мекемелер мен құралдарды құруға мүмкіндік береді.

Мен көшбасшыларды табанды түрде осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамын.

Соңғы жаңалықтар