Халықаралық қылмыстық сот Мажарстанға қатысты тергеуді бастады

ГААГА. KAZINFORM — Соттың Сотқа дейінгі палатасы Рим статутының 87(7)-бабына сәйкес Мажарстанды 2025 жылдың 23 мамырына дейін қорғауды ұсынуға шақырды, деп жазды Анадолы.

Халықаралық қылмыстық сот Венгрияға қатысты тергеуді бастады
Фото: Анадолы

Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) Алдын ала тыңдаулар палатасы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты қамауға алу ордерін орындамаған Венгриядан түсініктеме беруді талап етті. ХҚС-тың мәлімдемесінде көрсетілгендей, Алдын ала тыңдаулар палатасы Рим статутының 87-бабының 7-тармағына сәйкес, Венгриядан 2025 жылдың 23 мамырына дейін қорғау ұсынуды сұрады.

Мәлімдемеде айтылғандай, ХҚС хатшылығы 2025 жылдың 3 сәуірінде Нетаньяхудың Венгрияға келгені анықталған соң, Рим статутының 92-бабы негізінде алдын ала қамауға алу туралы өтінішті Венгрияға жолдаған. Алайда Нетаньяху 6 сәуірге дейін Венгрияда болғанымен, ұсталған жоқ.

Алдын ала тыңдаулар палатасы бұл іске қатысты тергеудің Рим статутының 87-бабының 7-тармағына сәйкес басталғанын мәлімдеді. Бұл бап Сотпен ынтымақтастық жасау жөніндегі міндеттемелерін орындамаған елдерге қатысты шара қолдануға мүмкіндік береді.

Нетаньяхуға қарсы айыптау 2024 жылдың 20 мамырында Газа секторында жасалған әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстарға байланысты көтерілді. Ал 2024 жылдың 21 қарашасында ХҚС Алдын ала тыңдаулар палатасы Нетаньяху да бар үш адамға қамауға алу туралы ордер шығарды. Егер тергеу барысында Венгрияның ХҚС алдындағы міндеттемелерін бұзғаны дәлелденсе, бұл мәселе ХҚС-қа мүше мемлекеттер ассамблеясына жолданып, тиісті шаралар қабылданатын болады. 

Нетаньяхудың ресми сапары кезінде Венгрия үкіметі Халықаралық қылмыстық сот құрамынан шығу туралы шешім қабылдағанын жариялады. Рим статутына сәйкес, мұндай шешім БҰҰ Бас хатшысына хабарланғаннан кейін бір жылдан соң күшіне енеді. Осы кезең ішінде Венгрия Сот алдындағы міндеттерін орындауға тиіс, соның ішінде қажет болған жағдайда қамауға алу ордерін жүзеге асыруы тиіс. Бұған дейін, 2018 жылы Филиппин де ХҚС-тан шығу туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда елдің бұрынғы президенті Родриго Дутерте, ел соттан шыққанға дейінгі әрекеттері үшін, әлі де ХҚС тергеуінде қалып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Венгрияда заң бойынша тек екі жынысты мойындау мақұлданғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар